Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан ядролық физика инситуты қатерлі ісікті анықтайтын препарат шығарып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2019
  • 3442

Қазақстандық ғалымдар қатерлі ісікті ерте сатыда анықтайтын препарат шығара бастады. Мамандар радиоактивті заттар мен химиялық элементтерді қосу арқылы әлемде ең өтімді саналатын ерекше дәріні өндіріп жатыр. Оның ерекшелігі - өте қысқа мерзімге жарамдылығында. Небәрі 8 сағатта қолданып үлгермесе, жарамсыз болып танылады. Қазақстан ядролық инситутының жетістігі жайлы Ришат Асқарбеккұлы.   

Арнайы атомдық үдеткіш жағдайында дайындалатын дәрі мынау сияқты бетон қабырғалардың ішінде, тиісті мамандардың араласуымен жасалады. Бұл жерге ғалымдар таңғы сағат 4-те кіріп, кешкі сағат 8-де ғана шығады. Ал, ауруханаға таңғажайып дәрі қаруланған күзет және жол полициясының көмегімен жедел жеткізіледі. Себебі, дайын өнімнің жарамдылық мерзімі небәрі 8 сағат. Ал, науқас оны қабылдауға алдын-ала дайын болуы тиіс. 

Елена ЧАКРОВА, ҚАЗАҚСТАН ЯДРОЛЫҚ ИНСИТУТЫ РАДИОХИМИЯ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Радиофармацевтикалық препарат емделушіге тамыр арқылы егіледі. Тиісті дәрігер науқасты өзі таңдайды. Оның бойында ісік ауруы бар деген күдік болса, оның дәрежесін, нақты қай жері ауыратынын анықтауға мүмкіндік береді.

Фтордезоксиглюкоза деген атпен танымал дәріні әлем елдерінің дамыған мемлекеттері көптен бері пайдаланады. Әсіресе мидағы ісіктің үлкейіп кетпеуін бақылап, тез арада шара қолдануға мүмкіндік береді. Ал, ем қабылдап шыққан науқаста басқа жағынан метостаза пайда болғанда уақыт оздырмай ем жүргізу үшін дәрігерлерге тиісті бағыт сілтейді, дейді мамандар.  

Ядролық инситут мамандары бұдан бөлек тағы да бірнеше маңызды жобалармен жұмыс жасап жатыр. Мына атомдық рекатор соңғы 50 жылда тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Ол топырақ, металл және өзге де материалды зерттеуге қолданылып келеді. Реактордың көмегімен түрлі өнімдер өндіріліп, нарыққа шығарылып жатыр. Атомдық ректор алдағы 10 жыл қызмет етеді. Сосын қайта жаңғыртылмақшы.  

Әсет ШӘЙМЕРДЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЯДРОЛЫҚ ИНСИТУТЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: 

Мысалы, біздің инситут әйгілі «Алтын адамды» осы жерде зерттеген болатын. Оның құрамын бұзбай, сындырмай өз қалпында сақтай отырып, қарастырамыз. Егер, миллиметр деген өлшемді ұстап, көзбен көруге болады десек, мұнда мыңнан бір миллиметр болатын өлшемдерді зерттеуге мүмкіндік бар.

Орталық мамандары қазір рак дертін анықтаудан тыс, оны емдейтін жаңа препараттың өндірісін бастамақшы. Ол үшін инситут қазір GMP халықаралық сертификатын күтіп отыр.  

Р. Асқарбекұлы