Ақтөбеде орамал таққан он оқушы жарты жылдан бері мектепке бармай отыр. Олар сабаққа баруын жалғастырмаса, келесі сыныпқа көшірілмеуі мүмкін. Қалалық білім бөлімінің мамандары осылай деп отыр. Оқу жылы басталғалы сабаққа келмеген қаладағы нөмірі 31, 60, 55 және 8 мектептің оқушылары. Бұған дейін мектеп формасын сақтамай, орамал таққан 43 оқушы қыз келмеген еді. Қыздарын мектепке жібермеген он тоғыз ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар бес айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі. Десе де кейбір оқушылардың ата-аналары райларынан қайтар емес. Олар балаларын басқа қаладағы жеке мектепте оқытпақ.
Кенжебек АЗАНҚҰЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Сол айтып тұрмын ғой. Британский мектепке беремін. Тек ғана қыздар оқиды. Онда ағылшын тілінде өтеді сабақтар. Біздің ұстанымымыз орамал шешілмейді. Неге шешілу керек орамал? Сондай рөл атқарады. Шешсе, әурат болып саналады. Біз оған келісе алмаймыз.
Қазір мектепке келмей отырған балалардың дені алтыншы және сегізінші сыныптың оқушылары. Арасында бастауышта оқитын балалар да бар.
Гүлназ МЫРЗАҒАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Білім беру саласында мемлекеттік стандарт орындалу қажет. Басқа жерден алған білім ол мемлекеттік стандартты орындаған болып есептелмейді. Сондықтан да білім беру мекемесінде міндетті түрде бала білім алу керек. Бір кластың мемлекетпен бекітілген стандартын аяқтаған бала сол класты аяқтаған болып есептеледі. Келесі класқа педагогикалық кеңестің шешімімен көшіріледі.
Б. Рахметова