Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары өңірлердегі халық проблемаларын тыңдады

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2019
  • 3201

Отандық жеңілөнеркәсіп қолдауға зәру. Шымкенттегі мақта, мата шығаратын өнеркәсіп шикізатына сұраныс жоқ. Бұл жайында мәжіліс депутаттарының фабрика жұмысымен танысу кезінде белгілі болды. Ал, Шығыс Қазақстан облысына барған парламент өкілдеріне жергілікті кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден несие алуда кездесетін қиындықтарды айтты.  

Алты жүзден астам адамға жұмыс беріп отырған «Азала -текстиль» серіктестігі жылына 12 млн шаршы метр мата тоқиды. Өнімдеріне елде сұраныс жоқ. Сол үшін сыртқа тасиды. Фабрика жұмысымен танысқан депутаттарға кәсіпорын басшылары шетелге шыққан шикізат өзімізге дайын өнім болып импортталып жатқанын айтты.  

Нұрлан АЙМҰРЗАЕВ, «АЗАЛА-ТЕКСТИЛЬ» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:  

Олар ол жақта қайта өңдеп, әрлеп, бізге шетелдік өнім ретінде кіріп келіп жатыр. Бүгінгі таңда біздер білеміз, ұлттық компаниялар бар немесе ірі компаниялар бар, атап айтатын болсақ біздің ҚТЖ немесе одан басқа АтомПром, қарулы күштер солардың барлығы егер біздің өзімізде шыққан отандық өнімдерді тұтынатын болса, біз толықтай 100 пайыз отандық өніммен қамтимыз.

Мәселеге қаныққан мәжілісмендер отандық өнімнің нарықтағы мөлшерін кемінде 70 пайызға жеткізуге күш салу қажет деп отыр.    

Мансұрхан МАХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Прибалтика арқылы Италияға экспортқа кетіп жатыр шикізат ретінде. Әрине, енді оның бәрі болмаса да бізде осы 60-70 пайызы егерде өзімізге өнім болып қалса, ол бірінші - сапа, екіншісі - өзіміздің өнімдерді қорғау. Елбасының тапсырмасы бар, мүмкіншілігінше біз қазір қандай да болмасын жеңілөнеркәсіпті дамытуымыз керек.

Ал, Қарағандыға барған парламент өкілдері Шахтинскідегі «Құрылысмет» серіктестігінде болды. Бұл жерде кен орындарына қажетті металл құрылымдар мен комбайн бөлшектері шығарылады. Компания былтыр жүз адамды өз есебінен оқытып, жұмысқа алған. Мәжілісмендер мұны үлкен жетістік деді. Ал, Саран қаласы темірбетон өнімдерін шығаратын комбинат мәселесін Үкіметте көтеруге уәде етті.  

Альберт РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Саран қаласындағы үй құрылысы комбинаты өнімін біршама аз тиейді. Қазір «7- 20- 25» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, Қарағанды қаласында инфрақұрылымы дамыған құрылыс алаңдар жетіспейді. Біз осы тұрғын үйлер салынатын алаңдар дайындалуы үшін бұл сұрақты ағымдағы бюджет аясында қараймыз.

Шығыс Қазақстандағы Саратовка ауылының кәсіпкерлері 42 градус аязға қарамастан депутаттарымен кездесуге түгелдей келді. Олар екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландырудағы түйткілдерді айтты. Банк күнбағыс дәнін өсіруден көшбасшы өңірдегі шаруалар мүлкін кепілдікке алмай отыр. Кәсіпкерлер қазір Парламентте қаралып жатқан Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту заңының жобасына осы сұрақты енгізуді сұрады.  

Мұрат ТЕМІРЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Бүгінде екінші деңгейлі банктер ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несие көлемін жыл сайын азайтып жатыр. Бұл көрсеткіш қазір 2% -дан кем. Бұл алаңдатарлық сан. Сондықтан біз премьер-министрге мамандандырылған аграрлық ауыл шаруашылығын дамыту банкін құру туралы ұсыныс жасадық. Ол мақсатты түрде осы саладағы бағдарламаларды жүзеге асыруға септігін тигізер еді.

Тағы бір топ депутат Астанадағы паралимпиада спортшылары жаттығатын орталықта болды. Мүгедек-спортшылар мемлекеттік жәрдемақы қайта қаралып, «Инватакси» қызметін жетілдірсе деген өтініштерін жеткізді. Апта бойына өңірлерді аралаған Парламент депутаттары осылайша халықтың әл-ауқатымен танысып, проблемаларын білді. Оларды Үкіметке жеткізуге уәде етті.   

  А. Қуаш