Русский Сайттың толық нұсқасы

Мадуро «кетпеймін» дейді, ал Венесуэладан босып кеткендер саны 4 млнға жуық...

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2019
  • 2739

Шетел азаматтары түгілі, өз азаматтары қашатын мемлекеттер бар... Француздың мұнай өндіруші компаниясы – Тотал Венесуэлада жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің бәрін көшірді. Бас директоры Патрик Пуэнне АҚШ-ң Венесуэлаға салған санкцияларынан компанияның есепшоттары бұғатталғанын хабарлады. Ал Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдоны Еуропарламент Венесуэла президенті міндетін атқарушы деп таныған. Дегенмен бұл мәселенің сыртқы шешуші факторы АҚШ екені түсінікті. Д.Трамп оны президент міндетін атқарушы деп қаңтар айында таныған. Вашингтонның Венесуэламен шекаралас Колумбияға 5 мың әскер кіргізу ойы бары белгілі болды, жалпы, Каракастың өзіне әскер енгізуді жоққа шығарып отырған жоқ. Николас Мадуро келіссөздерге ашықпын дейді. Себебі қайта сайлау жарияласа, былтырғы сайлаудың көзбояу болғанын мойындағаны.  

Венесуэла әлемдегі барланған мұнай қоры бойынша бірінші орында – 300 млрд баррель. Алайда мұнай экспорты өте аз. Былтыр әлемдік нарыққа тәулігіне 1,24 млн баррель шығарған. Мемлекеттегі жағдай апатты. Оны БҰҰ айтып отыр. Бұл жерде тоқталатыны – Н.Мадуроны Мәскеу мен Пекин қолдайды. Соңғы уақытта Венесуэла қытай капиталын тартты. Ал Ресеймен мұнай ғана емес, әскери байланыстарын тереңдете бастады. Тіпті Ресей Венесуэланың теңіз порттары мен аэродромдарын пайдалану мүмкіндіктерін талқылаған. Бұл әрине, АҚШ-қа мүлдем ұнамайды.

Айдар ӘМІРЕБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Венесуэлада геосаясатқа орай кризистік жағдай қалыптасып отырғаны мәлім. Н.Мадуро Қытай мен Ресей, екі алып мемлекет осы саясаткерді қолдап отырған жағдайда. Оның себептері - Қытай мен Ресей Венесуэланы қаржыландыру, оған кредит бөлген. Ресейден 20 млрд жуық кредит алған. Қытайды алсақ, ол бүкіл дүние жүзінде әсіресе, дамып келе жатқан мемлекеттерге қаржы бөледі, оның ішінде Қытайдың мүддесі, сондықтан Венесуэланы таңдап, қаржы бөліп жатқаны бар. Гуайдо билікке келсе әрине, осы несиелердің болашақ тағдыры қалай болады? Қайтаратын жағдай бола ма, болмай ма?.. Кімге сенсек те, кімнен қаржы алсақ та оның артын ойлау керек. Оның саяси мүмкіндіктерін, қаупін әрқашан есептеп, ұқыптап, пайдаланатын болсақ, нақты жобаларға жіберген дұрыс. Әйтпесе Мадуро 50 млрд дейін Қытайдан, 20 млрд Ресейден алып отыр. Ол ақша мысалы, дұрыс пайдаланса, халықтың жағдайы жақсарар еді ғой. Қарасақ, ешқандай өзгеріс болған жоқ.

Сөйтіп Венесуэла басшылығының саясаты, сол саясаттан туған геосаяси ойындар онсыз да қиналып отырған халықтың одан әрі жүдеп жадауына апарды. Вашингтон санкцияны күшейткен үстіне күшейтіп отыр. Венесуэладағы 30 млн адам гиперинфляцияда өмір сүріп жатыр. Табыс жоқ. Азық-түлік ғана емес, дәрі-дәрмек, адам өміріндегі басты қажеттіліктер тапшы. Сумен қамтамасыз ету жүйесі, көлік, электр энергиясымен қамту – нашар. «Халықаралық құқық және юстиция» деген үкіметтік емес ұйымның есебінше, Венесуэладан үдере көшкен адамдардың саны 2018 жылдың соңында 4 млн-ға жетіп қалды. Тек былтыр 1,5 млн адам кеткен – ал бұл әлемде болмаған жағдай. Мысалы, соғыс болып жатқан Сириядан 5 жылда 6 млн-дай адам кеткен. Венесуэладағы ахуалды бейнелейтін фотодеректер... Көптеген отбасы тамақты жиналмайтын қоқыс жәшіктерінен іздеуге мәжбүр. 1,7 млн процентке жеткен инфляция жыл соңына дейін 10 млн процентке өсуі мүмкін. Мадуро жақында мемлекеттік қызметкерлердің айлығын 300 процентке көбейткен, бұл бірнеше күннен соң 8 долларға теңелді, деп жазды Times. Венесуэла президентінің елдің туын желбіретіп тұратын митингілердегі жиналған адамдардың Мадуроның фанаты еместігін біз де білеміз.