Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жас кәсіпкерлерге сәуірден бастап 1%-бен несие беріледі

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2019
  • 3305

Шымкентте жеке кәсіппен айналысуға ниетті жастарға сәуірден бастап 1 пайызбен несие беріледі. Қала әкімдігінде қаралып жатқан бағдарлама әйелдерді де қамтымақ. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында өткен азаматтарды қабылдау кезінде айтылды. Төмендетілген несие 5 жылға беріледі. Әзірге оның мөлшері 8-10 млн теңге шамасында деп есептелуде. «1 пайыздық несиені тек 29 жасқа дейінгі жастар мен 59 жасқа дейінгі азаматшалар ала алады. Ол үшін кепілзат пен нақты бизнес жоспар болуы керек»,- деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқарма өкілі.

Үсен ИСАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

8 пайыз кредит алады кәсіпкер, 7 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Банктің алдында кәсіпкер және біздің қаржы операторы «Даму» қоры бірлесіп, үшжақты келісім жасалынады. 8 пайыздың 7 пайызын банк алдында мемлекет субсидия арқылы кәсіпкердің үстеме ақысын төлеп беретін болады.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында дәл осындай партиялық қабылдау Солтүстік Қазақстан облысында да өтті. Бизнес бастаған жастар өз сауалдарын кәсіпкерлер палатасы өкілдеріне жолдады. Солардың бірі - жергілікті университеттің төртінші курс студенті Әнуар Қошанов. Ол туған жері Шал ақын ауданында дәмхана ашатын ойы бар. Айтуынша, «Петропавл-Жезқазған» тас жолының бойында тамақтану орындары тапшы. Жас кәсіпкер қазір жоба құнын есептеуде, артынша қаржы көзін іздеуге кіріспек.

Әнуар ҚОШАНОВ, ЖАС КӘСІПКЕР:

Биыл бізде «Жастар жылы» жарияланды. Неге бұл мүмкіндікті пайдаланбасқа? Менің туған жерім Шал ақын ауданында жол бойында дәмханалар жоқ. Сондықтан сол жердегі тамақтану орнына сұраныс жоғары болады. Маған ғимаратты жаңадан тұрғызып, оған коммуналдық жүйелерді өткізу керек. Әзірге қанша қаражаттың қажет екені белгісіз.

Т. Оспанбаева