Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе жастарына қолжетімді баспана

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2019
  • 4062

Ақтөбеде «Жастар жылы» аясында жас отбасыларға баспана алуға жаңа мүмкіндік беріліп отыр. Өңірлік бағдарламаға 29 жасқа дейінгілер қатыса алады. Тұрақты жұмыс пен 60-80 мың теңге айлық болса жеткілікті. Облыстық «Жастар саясаты» басқармасы үміткерлерден құжат жинауды бастап кетті. Әріптесім Бақыт Рахметова жаңа бағдарламаның мүмкіндіктерін саралап көрді.   

Ақтөбелік Қанат Тайғұлов №18 орта мектепте биология пәнінен сабақ береді. 26 жастағы жас ұстаз осы бағдарламаны естігенде бірінші болып құжат тапсырған. Өйткені, жұбайы екеуі осы күнге дейін қала шетінен бір бөлмелі пәтерді 40 мың теңгеге жалдайды. Жас отбасының басқа бағдарламаға қатысуға айлық табысы жетпейтінін айтады.   

Қанат ТАЙҒҰЛОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Айлығым өзі аз алпысқа жетеді. Тиімді де қымбаттау болғанымен наличкаға ала алмайсың бұл ақшаға. Бір бөлме алты миллион теңге дейді. Сіз ала алмайсыз. Бөліп, бөліп төлеу арқылы аласың арендное жилье болған соң. Өзіңе төлеген сияқты боласын ғой.

Бағдарламаға баспанасы жоқ, айлық табысы 60-80 мың теңге арасында болатын тұрақты жұмысы барлар қатыса алады. Жасы - 29-дан аспауы керек. Бастапқыда бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлері қамтылады. Сондай-ақ, әзірге елу шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Құны шамамен бес миллион теңге көлемінде болмақ. Ал, ай сайын банкке төлейтіні - 35 мың теңге.  

Нұрлан КҮНТУОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Жастардың көбісі күнделікті табыстан басқа банкке ақша салуға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Сондықтан да биыл «Жастар жылы» болғандықтан қаланың 150 жылдығы болғандықтан, жастарға бір қадам жақын болайық деп тілек білдірушілер банктен тексеруден өтеді. Егер, оған мақұлдаса, сол банкте есеп-шот ашып, 350 мың теңге алғашқы жарнасын салуға мүмкіндігі бар.

Жаңа бағдарламамен баспаналы болуға мыңға жуық жас өтініш білдіріпті. Қазіргі кезде олардың төлем қабілеті мен несие тарихы тексеріліп жатыр. Бүгінде елу адамның құжаты мақұлданған.   

Мақсат ЗАИТОВ, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ӨКІЛІ: 

Жалпы мамандар үшін өте тиімді. Себебі, жалдамалы түрде алты жылға беріледі. Алты жылда клиент банкке ешқандай пайыз төлеместен өз пәтерінде тұра береді. Алты жылдан кейін өз шотын елу пайыз жинағаннан соң толық сатып алады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Жергілікті билік «Нұр Ақтөбе» ауданында салынған жаңа үйлерден пәтер алады. Осы бағдарлама арқылы жүз елу адам баспаналы болады деп жоспарланып отыр. Алғашқы пәтер кілті осы айдың соңында тапсырылмақшы.

Б.Рахметова