Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақтелеком» компаниясының инвесторлары акцияларын сот арқылы қайта сатпақшы

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2019
  • 2382

«Қазақтелеком»-ның 13 инвесторы акцияларды кері сатқысы келіп, экономикалық сотқа арызданды. «Falconry capital»-дың есебінше, телекоммуникациялық кәсіпорын акционерлеріне 600 млн теңге беруі керек. Мәселе «Қазақтелеком» «K-cell» мобильдік операторын сатып алған соң туындаған. Акционерлер осы ірі сауда-саттықтан кейін дивиденттен қағылғандарын айтып, шағымданған.  

Руслан АХМЕДОВ, «FALCONRY CAPITAL» ТІКЕЛЕЙ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

«Кселл» компаниясымен жасалған ірі келісім-шарттан соң біз бір шешімге келдік. Яғни, бұл сауда-саттықтан біздің табатын табысымыз жоқ болғандықтан, акциялардан да бас тартамыз. «Қазақтелекомға» хат жазып, құнды қағаздарын қайта сатып алуға ұсыныс жасағанбыз. Бірақ, біздің бұл бастаманы олар қолдаған жоқ.

Ал, «Қазақтелекомдағылар» біздің арна тілшілеріне акцияларды сатып алудан бас тарту жөнінде сөз де болмағанын айтты. Олар, әзірге, қылмыстық кодекстің 230-бабы бойынша Бас прокуратура қозғаған істің шешімін күтіп отыр. Айта кетейік, «Қазақтелеком» бұған дейін де акционерлеріне «бағалы қағаздар келісім-шарты кезінде инсайдерлік ақпараттарды пайдаланған» деген айып тағып, Экономикалық тергеуге жүгінген болатын. Бірақ, олар істі қылмыс құрамы жоқ деп тоқтатқан еді.  

Асхат ӨЗБЕКОВ, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Бізге акционерлеріміз өтініш жолдады. Оны қарастырып жатқанымыз жөнінде әрдайым хабарлама жіберіп отырғанбыз. Ол хаттарда акцияларды сатып алудан бас тартқанымыз жөнінде жазған емеспіз. Қазір Бас прокуратура біздің апелляциялық арызымызды қарастырып жатыр. Тексеру жұмыстары аяқталған соң акционерлік қоғамның директорлар кеңесі қандай шешімге келгенін жариялайды.

Д. Қайыртай