Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда үш адамның өліміне себепші болған «Гелендваген» жүргізушісінің үстінен сот процесі басталды

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2019
  • 3788

Жаңа жылдың қарсаңында Алматыда болған ірі көлік апатына күдікті жүргізушіге қатысты сот процесі басталды. Сот залына Ильяс Кар айдауыл қызметімен жеткізілді. Алғашқы отырыста күдікті қылмысын жартылай мойындайтынын айтты. Ал, жәбірленуші тарап үш адамның өліміне себеп болып, біреуін жарымжан еткен жүргізуші қатаң жазалансын деп талап етті. Прокурор айыптау қортындысында сотталушының ішімдік ішкені тергеу барысында анықталғанын айтады. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Жантүршігерлік оқиғадан соң қырық күн өткенде тергеу аяқталып, бүгін сот та басталды. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, «Гелендваген» көлігін жүргізген кім деген сауалға ресми түрде ешкім жауап қатпаған еді. Тіпті, полиция да осы күнге дейін оның есімін атамай қойған болатын.

Бірақ, күдіктінің 1985 жылы туған Ильяс Кар екенін жұрт топшылаған. Ол басын төмен салып, жанарын жасырғанымен, сөз тигенде қылмысын мойындамайтынын айтты. Тергеу орындары таққан айыппен ішінара ғана келісті.  

Ильяс КАР, СОТТАЛУШЫ: 

Кінәмді жартылай мойындаймын. Мені мас болды деген айыппен келіспеймін. Ол жерді тастап кету ойымда болған жоқ. Оқиға болғанда мен сол жерде жүрдім.

Алайда, оқиғаның күдікті айтқандай емес екенін куәгерлер теріске шығарды. Сот талқылауында оқиғаны өз көзімен көрген жүргізуші әйел Ильяс Карға ұқсас адамды апаттан соң әлдебір көліктің алып кеткенін айтты. Ал, айыптау қортындысын оқыған прокурор сотталушыға тағылып отырған айыптарға дәлелдің жеткілікті екенін мәлімдеді. Оның кінәсін сот дәлелдесе, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Тимур ШОМАИ, ПРОКУРОР: 

Былтыр 29 желтоқсанда сотталушы «Mitsubishi Galant» көлігін бар екпінмен соққан. Сосын ол оқиға орнынан кетіп қалған. Оған қылмыстық кодекстің 345 бабы 4 тармағы және 347 бап бойынша айып тағылды. Ол үш және одан да көп адамның өліміне соқтырған деген айыппен және оқиға орнынан кетіп қалу дерегімен жауапқа татылды.

Сот отырысына жәбірленуші тараптың барлығы қатыса алмады. Такси жүргізушісі Бақытнұр Құняпияның анасы Қытайдан келе алмаған. Заңды өкілі ретінде марқұмның ағасы қатысты. Ал, актриса Шолпан Елгезекованың анасы бүгінгі отырысқа қызының портретін алып келген. Ол істің барысын тыңғылықты қадағалайтынын айтады.  

Гүлжахан ЗАМАНБЕКОВА, Ш. ЕЛГЕЗЕКОВАНЫҢ АНАСЫ: 

Мен қызым үшін мақтанамын. Сондықтан сотта басымды көтеріп отырдым. Олардың туғандары көздерін төмен түсіріп отырды. Себебі, олар кісі өлтіретін адам тәрбиелеп шығарған. Әрине, нағыз қатал жаза алуы керек. Бір емес, үш адамды басып өлтірді. Айзаданың өмірі қандай болады, инвалид бола ма? Оған ана ретінде аман-есен жазылып кетуін тілеймін

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Судья бүгін сағат кешкі алтыға дейін басты сот талқылауын жалғастырды. Жәбірленушілер мен куәгерлер сұралды. Марқұмның туыстары мен әлі ауруханада жатқан Айзада Сатыбалдиеваның жақындары сотталушыдан материалдық - моральдық құн талап етпекші.

Р. Асқарбекұлы