Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар кентінде мектеп көгеріп кетіп, сабақ тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2019
  • 5901

Қарағанды облысындағы Қызылжар ауылының оқушылары бірнеше күннен бері сабаққа бара алмай отыр. Өйткені, мектеп сыз тартып, көгеріп кеткен. Күрделі жөндеу жасалғанымен, қайтадан еден асты шіри бастапты. Оқу жылының ортасында балалары білімнен қағылған ата-аналар енді жаңа мектеп салып беруді сұрайды. Қауіпті мектептің жағдайын көзімен көріп қайтқан Айжан Қуаштың репортажы.  

Капитальный ремонт істелген. Мынадай мектепте балалар оқып жатыр. Істелгеніне 5 ай болды.  

Мына кадрларды ата-аналар телефонға түсіріп, журналистерге жіберген. Содан тілшілер келеді дегенді естіген шенеуніктер дереу мердігер компанияны шақыртып, көгерген ағаш еденді бүгін таңертең тазалап үлгеріпті. Тіпті, жұмысшылар үстіне бетон құюға кіріскен. Алайда, жағымсыз иісті жасыра алмайды.   

Самал АМАНГЕЛДІ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Міне, мектеп осылай көгеріп кеткен, иісі адам төзгісіз, иісі масқара шығады. Бізге ешқандай көмек жоқ. Сондықтан балаларымызға жаңа мектеп салып берулеріңізді сұраймын.

Ата- аналардың айтуынша, 2015 жылы су тасқыны кезінде дәл осы мектепті 4 күн бойы су басып жатты. Сол кезде-ақ ғимарат жарамсыз, жаңа білім ошағы керек екені айтылды. Алайда, ешкім құлақ аспаған. Сөйтіп білім ошағы бақандай 81 млн теңгеге қайта жөндеуден өтті. Бірақ, оның қызығы 5 айға ғана жетті. Ғимараттың едені біртіндеп көгеріп, қолқаны қабатын иісі шыдатпаған соң, сабақ тоқтатылған. 105 оқушы 3 күннен бері үйде жатыр.   

Саят СОЛТАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ КИРОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Бүгіннен бастап балаларды көрші мектепке, 5-11 сыныптарды тасымалдау болады. Бұл іс шаралардың барлығы балалардың қауіпсіздігі үшін, денсаулығына байланысты. Мұндайда біз қалай оқимыз?

Ал, көп балалы ана Самал 12 жастағы қызының ауырып қалғанын мектептен көріп отыр. Оның денесіне шыққан жара асқынып кеткен. 4 жылдан бері жағдайы түзелмеген мектеп шәкірттерінің жиі ауыратынын өзге ата-аналар да растады.  

Самал АМАНГЕЛДІ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Денесіне шықты сентябрьде біртіндеп, клиникаға апардым, емдеттім еш нәтиже жоқ. Мектептің көгерген иісінен, көрдіңіздер ғой өзіміздің мұрнымызға масқара келеді.

Күләй ҚУАНЫШҚЫЗЫ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Грибок деген пайда болды. Содан балаларымыз міне, 5 ай болды қазір ауырады. Мектептен кейін беттері қызарып ісіп, денелеріне жара шығады.

Аудан атқамінерлері мердігер компания жөндеу жұмыстарын талапқа сай жүргізбегендіктен, осындай жағдайға тап болдық дейді. Кемшілікті мердігерлер өз есебінен түземек. Дегенмен, әкімдік компанияны сотқа берген.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Мектепте кеше ғана басталған жөндеу жұмыстары кем дегенде 1 айда аяқталады. Жоғарғы сынып оқушылары көрші Ростовка ауылына тасымалданса, бастауыш сыныптың балалары әлі көк шалып үлгермеген ғимаратта оқымақшы. Ал, ата-аналар сұраған жаңа мектеп биліктің жоспарында жоқ болып шықты.

А. Қуаш