Еуропада сатылымнан шыққан дәрі Қазақстанда еркін саудаланып жатыр. Мамандар демікпеге қарсы «Эреспал» препаратын денсаулыққа аса қауіпті деп таныды. Құрамында фенспирид бар дәріні Францияда сату тоқтатылған. Бұл туралы «Сервье» фармакологиялық компаниясының Ресейдегі өкілдігі ресми сайтында жариялады. Алайда, адам өміріне аса қауіпті препарат қазір Қазақстанда еркін саудаланып жатыр.
Эреспал - демікпе, ринофарингит, ларингит және қызылша секілді бірнеше ауруды емдеуге арналған. Бірақ, мамандар препарат жүректің тоқтауына әкелетінін анықтады. Сондықтан, оны ұқсас дәрімен алмастыруды ұсынады. Қазақстандық Денсаулық сақтау министрлігі бұған қатысты әзірге жақ ашпай отыр. Ал, дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы «Эреспал»-дың қауіпін біледі. Бірақ, қандай да бір шешім шығуруға қауқарсыз.
Мәлік ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР ДСМ ФАРМАКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Дәріні шығарушы компанияның өзі ерікті түрде бұл препараттың адам өміріне қауіпті екенін растап, бізге хабарлап отыр. Кез келген дәрінің өз мерзімі болады. Біз қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Бірақ, біздің қандай да бір шешім шығаруға құзыретіміз жоқ.
А. Бектас