Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте тұрғындар халыққа ортақ телімді қайтаруды талап етті

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2019
  • 4095

Халықтың жері қайтарылсын! Шымкентте Мәртөбе алабының тұрғындары жергілікті өндірістік кооперативтен көпшілікке ортақ жол, арық және жайылымдық жер сынды маңызды телімдерді қайтаруды талап етіп отыр. Тұрғындар талай жыл көпшіліктің қолданысында болған телімдердің қалайша біреудің меншігіне беріліп кеткенін түсіне алмай дал. Ауыл азаматтары бұл белден басу десе, жер қожайыны мұны теріске шығарып отыр. Тараптардың пікірін әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап көрді.   

Мәртөбеліктердің мазасын қашырған жергілікті өндірістік кооперативтің әрекеті. Сөздеріне сүйенсек, ұжым ауыл халқына тиесілі жиырма гектардан астам жерді иемденіп алған көрінеді. Айтуларынша, оның ішінде үлкен жол да, жайылымдық жер де, ауыз су ағатын канал да бар. Тіпті, ауыл іргесіндегі мұсылмандардың зираттарына дейін меншіктеп алды деп шыр-пыр.   

Шарафаддин НУРСАЕВ, МӘРТӨБЕ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Оның ортасында менің шаруашылық жерім бар. Оған жүретін жолымды да кооператив алып қойған. Егер, олар өз жерін қоршап алса, мен өз жеріме қалай өтпекпін?. Мен сонда малымды жаймаймын ба, егін салмаймын ба?

Тұрғындар жабылып жүріп жер қатынастарына жауапты мекеменің құжатын көтертіпті. Айта кетейік, даулап жүрген телімнің біраз бөлігі бұрын Түркістан облысының Сайрам ауданына қараған. Ұжымның жері аз емес екен. Бірақ, бақандай 23 гектарды мемлекеттік АКТ-не қосып алғаны заңсыз деп топшылайды ауыл белсендісі.    

Оразалы КЕНЖЕБЕКОВ, МӘРТӨБЕ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Мазараттың есебінен, жолдың есебінен, арықтың есебінен 23 гектар қосып алады. Бұл бөлек әңгіме. Бұл жерде махинация бар. Оның астында жермен саудалап жатқан махинация бар. Біз нақты дәлелдеріміз бар. Жерді сатып жатыр да. Орнына осыны қойып қоюға, есепке қойып қою үшін істеп жатыр. Шенеуніктер, әрине, бар. ГосАкті өздері қоймайды ғой. Бұны қалалық жер кадастр комитеті қойып береді.

Алайда, кооператив төрайымы мұны жабылған жала деп санайды. Телефон арқылы берген сұқбатында Танакүл Сейітқұлова тек өзі басқаратын ұжымның 2006 жылғы жер құжатын электронды нұсқаға қаз-қалпында түсіргенін айтты.   

Танакүл СЕЙІТҚҰЛОВА, ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВ ТӨРАЙЫМЫ: 

Жол ашық тұр. Мазараттың есігі ашық, мына жағында да, мына жағында да ашық. Сонан кейін арық-парықты жауып кетті деген ондай нәрсе жоқ. Қайта біз арықтың қасынан 15 -15 метр жер бергенбіз население арықтан жүру үшін. Мына жағында да 15 метр арық өтетін жер бар. Ешқандай мазаратқа қатысы жоқ.

Десе де, мәртөбеліктер бұған иланып отырған жоқ. Жерді қайтарып бергенін талап етеді. Мәселені жергілікті әкімдіктің алдына да қойыпты. Алайда, жерге жауаптылар әзірге алаңдауға негіз жоғын алға тартты.

Ербол АСАНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР КАДАСТРЫ ЖӘНЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БОЙЫНША ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Аталған жер учаскесі бойынша тұрғындардың арыздануы айтуы бойынша бағанағы жол жол мәселесі, арық және мазарат бойынша біздің кадастрлық ақпаратқа сәйкес бүгінгі таңда анықталған жоқ. Оны нақты анықтау үшін біздің арнайы мамандармен жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілуі керек.

Ал, ол үшін тұрғындар тарапынан жазбаша арыз болуы шарт екенін айтты. Әзірге Мәртөбе халқы тек прокуратураға ғана арыз тастаған.

А. Төребекқызы