Русский Сайттың толық нұсқасы

«Агробиржа» ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге жаңа мүмкіндік берді

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2019
  • 2953

Интернет-ресурстың игілігі. Қызылорда облысының шаруалары енді өз өнімдерін онлайн режимде өткізе алады. Өткен жылы өңірде күріш, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, ауыл шаруашылық техникаларын өндіретіндер үшін «Агробиржа» электронды сауда алаңы құрылған болатын. Қазіргі таңда оның ауқымы артып, тікелей сатылым аумағы кеңейіпті. Шалғайдағы шаруалар интернет арқылы алыс-жақын елдерге күрішпен қатар құс азығын да саудаға салуда.  

Мұрат ӘЙМЕНОВ, «ЖАН-АРАЙ-ЖЕМ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Бұрын біз шығарған өнімімізді нарыққа ұсынатын болсақ, ол кезде біз газеттерге, журналдарға хабарлама беретінбіз, телевидениеге беретінбіз. Ал, қазіргі таңда осы «Агробиржа» арқылы біз өнімімізді интернет арқылы ұсынып, басқа да мемлекетте көрген адамдар өзіміздің тауарымызға, затымызға тікелей ұсыныс жасайтын болды. Мысалыға, кеше бізде Өзбекстаннан хабарламалар келіп, түсіп жатыр, Ауғанстаннан звондап, тікелей өзімізбен.

«Агробиржа» сайтының мыңнан астам қолданушысы бар. Олар отандық және шетелдік шаруалар. Сайттың мобильді қосымшасы плеймаркет арқылы жұмыс істейді. Интернет-ресурсын әзірлеушілер: «Оны әліде жетілдіреміз»,- деп отыр.  

Маржан ӨМІРБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Агрокәсіпті табысты жүргізу үшін тауар өндірушіге табысты сатылым қажет. Дәл осы тұста қайда, кімге, өнімді қандай бағамен өткізем деген сауал туындайды. Біз бұл интернет-ресурс шаруаларға серіктес табуға көмегін тигізеді деп сенеміз. Қазір сайт төрт тілде қазақша, орысша, ағылшынша, қытайша жұмыс істеп тұр.

З. Санай