Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана көшелерінде электроавтобус сыналды

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2019
  • 3537

Бүгін Астана көшелеріне алғаш рет жолаушылар электроавтобусы шықты. Бұл тест-драйв көліктің елорда климатына төзімділігін сынау үшін ұйымдастырылды. «Тесла-ның туысы» 20 минут қуат алған соң 240 км жолды тоқтаусыз жүре алады. Жаңа автобустың артықшылықтары Данияр Қайыртайдың материалында.   

Бұл электроавтобус Қостанайдағы автоөндіруші зауытта құрастырылды. Көлікте жанармайға арналған қозғалтқыш та, түтін шығаратын жүйе де жоқ. Бәрі электр қуаты арқылы қозғалысқа келеді. Тиісінше автобус экологиялық жағынан қауіпсіз. Әрі жайлы. Жүргізушілердің сөзінше, жаңа көлік орнынан қозғалғанда жұлқи жөнелмейді және оқыстан тоқтай қалмайды. 

Ербол УРГАРИНОВ, №1 АВТОБУС ПАРКІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Мұнда қалыпты, дәстүрлі байланыс қорабы жоқ. Яғни, автобус орнынан қозғалғанда жұлқымайды. Кәдімгі қораптардағыдай берілістер сатылы қосылмайды. Автобус жайлап жылдамдығын үдетеді.

Электроавтобус тест-драйв басталғалы бері 700 км жол жүріп тастаған. Орташа есеппен 1 кВт/км электрқуаты жұмсалып отырды. Ал, жылдамдығын ең көбі сағатына 70 км-ге дейін үдетіпті. «СарыарқаАвтоПром» зауытының өкілдері көліктің батареясын қуаттандыру үшін 20-ақ минут жеткілікті, дейді. Толық зарядталған автобус 240 км жолды тоқтаусыз жүре алады. Батареяның көлемін ұлғайтуға да болатын көрінеді.  

Роман КРИВОПАЛЕНКО, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС ЭЛЕКТРОКӨЛІК ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: 

Көліктің жүрісін сынауымыз Астанадағы қатты аяздармен сәйкес келіп қалды. Біз автобусты ашық алаңда бір тәулікке қалдырып көрдік. Таңертеңінде еш қиындықсыз оталды. Кейін қала көшелеріне шығардық.

Электроавтобус дизельді отынмен жүретін көліктермен салыстырғанда, көп шығынды қажет етпейді. Бірақ, көлікті күтіп ұстау үшін нақты қанша сома кететінін тест-драйвты ұйымдастырушылар айтпады. Экологиялық автобустың құнын да жасырып қалды. Сынақ аяқталды. Автобус қайтіп автопаркке жөнелді. Әкімдіктің шешімін сонда күтеді. 

Д.Қайыртай