Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы 3 жасқа дейінгі бөбектер баратын балабақшалар санын көбейтуді ұсынды

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2019
  • 2764

«Нұр Отан» партиясы 3 жасқа дейінгі бөбектер баратын балабақшалар санын көбейтуді ұсынбақшы. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардың білімге жұмсаған шығындарына жергілікті бюджеттен өтемақы төлеу қолға алынбақ. Бұл балаларды білім мекемелерінде тегін тамақтандырып, мектеп формасымен де тегін қамтуға болады деген сөз. Билік партиясының аймақтардағы филиалдарының жетекшілері кезектен тыс конференцияларда осындай бастамалар көтерді. Партия мүшелері не ұсынды? Тақырыпты тілші тарқатады.  

Шығыс Қазақстан облысында 26 мыңнан астам көпбалалы отбасының қажеттілігі арнайы әлеуметтік картаға жазылмақ. Қазірдің өзінде ауыл әйелдерінің көбі өз істерін бастағысы келетіндерін білдірген. Оларға аймақ бюджетінен 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.  

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Қайырымдылық көрсетуге де болады. Бірақ, несие берген де жақсы. Біз кепілді қаржыландыруды қолға аламыз. Еліміздің білім заңын қарап шықтым, оның 8-ші бабында көпбалалы отбасыларына қолдау көрсете алатынымыз, оның ішінде білімге кеткен шығындарын өтеуге болатыны жазылыпты. Яғни, облыс бюджетінен көмектесе аламыз.

Қарағандылық белсенділер: «3 жасқа дейінгі бөбектер баратын балабақшалар санын көбейту қажет», - дейді. Бүлдіршіндер үшін тегін үйірмелер ашу да көзделген. Бұл бастамаларды іске асыру жолдарын партияның балалар құқығын қорғау кеңесі қарастырады. 

Қадиша ОСПАНОВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

«Көпбалалы отбасы» түсінігін заңнамада бекіту керек. Осы және басқа да сұрақтармен партияның балалар құқығын қорғау кеңесі айналысады. Қиын жағдайға тап болған балалы отбасыларға көмектесу үшін осындай қолдау шараларын ұйымдастырамыз.

Ал, Жамбыл облысында апатты мектептерді жөндеу жұмыстарын партия бақылауына алмақ. Бұған дейін аймақта осындай 7 жарамсыз білім ошағының 3-і қалпына келтірілген.  

Шәбден ТІЛЕУМҰРАТ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Жамбыл облысында бүгінге 4 қана апатты жағдайдағы мектеп қалып отыр. Бұл жұмыс 2021 жылға қарай аяқталатын болады.

Атырауда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 6 мыңдай адам тұрақты жұмыс орны ашылған. Осы жоба аясында кәсіпкерлерге 2 жарым млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілген.   

Нұрлыбек ОЖАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Партия отбасы құндылықтарын дәріптеуге, зейнеткерлерге, әлеуметтік осал тұлғаларға қолдау көрсетуге және тұрғындарды еңбекпен қамту саласында да жұмысты күшейтеді. Партия құрылымдары ықпал етуімен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 1876-сы тұрақты және қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілді.

Оралда отбасы мәселесін педагогтар мен дәрігерлер, тәуелсіз жастар жеткізбек. Олар тұңғыш рет съез делегаттары ретінде электронды іріктеуден өтті. Астанаға 53 үміткер таңдалып алынды.    

Кенесары НҰРШИНОВ, КРУГЛООЗЕРНОЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: 

«7-20-25» бағдарламасы аясында кентімізде үш қабатты 42 пәтерлік үй салғалы жатырмыз. Екі балабақша ашқалы жатырмыз. Соның барлығы да партиямыздың жетістігі деп есептеймін. Білмейтінімізді сұрап, білмейтінімізді айтып дегендей, әріптестермен тәжірибе алмасу мақсатында конференцияға делегат ретінде бара жатырмыз.

Белсенділердің барлық ұсыныстары әр отбасының әл-ауқатын жақсартып, ана мен балаға қолдауды күшейтуді көздейді. Идеяларын ақпанның аяғында Астанада өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде талқылайды. 

А. Қуаш