Астанада 3 күн бұрын жоғалып кеткен баланың мәйіті қар астындағы қақпақсыз құдықтан табылды. Оның өзін полицейлер емес, еріктілер тауып алған. Осылайша, үш ай ішінде екінші бала ашық жатқан люкке түсіп, қаза тауып отыр. Депутаттар қолды бола беретін қақпақты пластмассаға ауыстырып не жауаптыларды жазалауды ұсынып отыр. Данияр Қайыртай қайғылы оқиғаның мән-жайын білуге тырысты.
Поиски продолжаются, вот шеренгой, ребята на одной линий. Между собой метр оставляют и идут прочесывают глубокий карьер.
300-ге жуық ерікті үш күн бойы Бақдәулет Омарханды күн-түн демей іздеді. «Железнодорожный» тұрғын алабының аумағын түгел шолған. Табылмағасын, үйінің маңайындағы омбы қардың астында қалған кәріз құдықтарын қазыпты.
Мақсат БІРЖАН, ЕРІКТІ:
Сағат 11 жарымда таптық баланы. Тіке барғанда бес люк таптық. Ең соңғысы мынау бесіншісі болды, үйдің қасында, мына үйден 70 метр. Сол люкті таяқпен іздеп-іздеп, сол жерді айттық лопатамен ашыңдар дедік. Ашқанда көрдік, баланың жатқанын, фонарьмен жағып.
Еріктілер бірден полиция мен құтқару қызметін шақырған. Олар баланың денесінде зорлық белгілері болмағанын айтады. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
13 жасар Бақдәулет үйінің жанындағы сырғанаққа бара жатқан жолында тап осы құдыққа құлапты. Баланың денесін тауып алған еріктілер құдықтың тереңдігі 3 метрден асады дейді. Ал, туыстары баланы дер кезінде құтқарғанда аман қалуы да мүмкін еді деп, өкініп отыр.
Элеонора БЕКЕТОВА, ЕРІКТІ:
Бала қайтыс болған кезде, тумасының айтуы бойынша, бірден мерт болмаған. Себебі, киімін шешіп, бөлек қойған. Қабырғаларды тырнаған іздері бар. Шыққысы келген.
Айзада ЖҮСІПОВА, ЕРІКТІ:
Егер, бала жоғалған күннен бастап осы маңдағы ашық құдықтарды іздеп, оларды жапса, мүмкін бірден тауып алар ма еді. Біз әкімдікке жаздық. Бірақ, олар өтініштің қарастырылып жатқанын айтты. Қай жерде, қай күні ашық құдықтарды көргенімізді жазуды талап етті. Біз үш күнде ашық-шашық жатқан 100-ден астам құдықты көрдік. Тиісті қызметтер өз міндетін орындауы үшін енді қанша бала өлуі керек?!
Мәжіліс депутаттары да кәріз құдықтарын ашық күйінде қалдырған атқарушы органдарды айыптап отыр. Әкімдік бұған проблема емес, өтпелі оқиға ретінде ғана қарайды деп сын тақты.
Павел КАЗАНЦЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Атқарушы органдар босаңсып, осындай оқиғаларға жол бергені үшін қатаң жазалау керек. Аузы ашық құдық табылды ма, шара қолданайық. Ешқандай депутаттық сауал көтерудің де қажеті жоқ. Заңмен мұның бәрі жазылып қойған. Тек соны дұрыс орындау керек.
Қала басшысы Бақыт Сұлтанов қақпағы жоқ құдықтар жабылып жатыр деді. Ал, ашық люкті көргендерді «І-Комек» жедел әрекет ету орталығына хабар беруге шақырды.
Бақыт СҰЛТАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Өткен күзден бері мыңнан астам люкке қақпақ жаптық. Бірақ, оны бүгін орнатсаң, ертеңінде тағы ұрлап кетіп жатады.
Бақдәулет Омархан қаладағы №29 орта мектептің 7-ші сыныбында оқыған. Мұғалімдерінің айтуынша, ол спортқа әуес болыпты. Нақты пәндерге құмар болған екен.
Гүлмира АЙТАЛЫ, МАРҚҰМ Б.ОМАРХАННЫҢ СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ:
Өте ашық, ақкөңіл, кішіпейіл, адал балалардың бірі. Сабақта өте үлгілі, ешқандай артық кемшілік әрекеттері жоқ. Логикалық жаққа жақын болды бала. Физика пәндерінен олимпиадаға дайындап жүрген балаларымыздың бірі.
Қыршын кеткен Бақдәулеттің мүрдесін туыстары бүгін Жамбыл облысына әкетті. Сонда жерлемек. Ал, қала билігі қар астындағы ашық құдықтарды жабуға енді кірісті.
Д. Қайыртай