Русский Сайттың толық нұсқасы

Айықтырғышта көз жұмған азаматтың ісіне қатысты сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2017
  • 2735

Айықтырғышта көз жұмған азаматтың ісіне қатысты үкім шықты. Астана соты марқұм Николай Кривенконың өліміне себепкер болды деп айыпталған бұрынғы полицейге 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді. Одан бөлек тағы үш азамат 8 жылдан арқалады. Алайда сотталғандардың туыстары бұл үкіммен келіспейді. Апелляциялық шағым түсіреміз деп отыр. Сот залынан тілшіміз Диана Сапарқызы баяндайды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Жиналғандар соттың шешімін тағатсыздана күткен. Әсіресе айыпталушы тараптың өкілдері үшін  әр секунд сағаттарға созылғандай болды. Алайда, үкімді естігенде, олар естен танардай күйге түсті 

Убайдулла Қошанов, судья:

Темірғалиев пен Камбетов үй қамағынан босатылсын, сот залынан қамауға алынсын...

Қос ұлы бірдей жазаға тартылған ана көз жасын тия алмады. Шырылдаған әйел, үйде күтіп отырған өзге жақындарыма не деп барамын деп, азар да безер болды.

Жастарға жұмыс болса, сондай санитар болып бара ма? Құдайым-ай. 

Сотталған ағайынды жігіттер Фархат пен Сұнғаттың әкесі Қайыркеш Қанбетовтің айтуынша, оқиға болған 11 наурыз күні екі ұлының бірі кішкентайлы болған. Отбасы мүшелері түгел қуанып еді, алайда бұл шаттығымыз ұзаққа созылмады. Аяқ астынан мынадай сұмдыққа тап болдық деп налиды әке. 

Қайыркеш Қамбетов, сотталған ағайындылардың әкесі:

Менің балаларым мына жерге жұмыссыз болғасын шықты. А то жұмысы болмаса, ол жерге шықпас еді. Мен түсінем егер де далада ұрса, ол кездле групповой болушы еді. Ал мына жерде өз жұмысы болғанда бірақ шықты. Мен мына обвинениеге қарсымын. Енді апелляцияға барамыз. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Екі бала виноват та емес. 

Ал сотталған ағайындылардың қорғаушысы үкімнің тым ауыр болғанын, өлімге апарып соғатын әрекет жасалмағанын айтып отыр. Енді апелляциялық шағым түсірмекші.

Алия Оразалина, сотталғандардың қорғаушысы:

Соттың берген жазасы өте қатаң болды. Менің қорғауымдағы азаматтар Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3 бөлімі бойынша айыпталды, бірақ олар бұл бапқа сай қылмыс жасаған жоқ. Өлімге апарып соғатын әрекеттерге бармаған.

Еске салайық, 11 наурыз күні астаналық Николай Кривенко айықтырғышқа түскен. Бірнеше сағаттан соң оның осы жерде көз жұмғаны белгілі болды. Бұрынғы полиция қызметкері Мырзабеков, айықтыру орталығының фельдшері Сатын, және екі санитар Камбетов пен Темірғалиев марқұм Кривенконы ұрып өлтірді деп айыпталған.

Диана Сапарқызы, тілші:

Соттың үкімімен Берік Мырзабековке 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Саят Сатын мен орталықта санитар болып жұмыс істеген ағайындылар Темірғалиев пен Камбетов 8 жылын темір торда өткізеді. Сонымен қатар сот марқұм Кривенконың отбасына 1 млн 500 мың теңге моральдық шығынның өтелуін талап етті.