Қазақстанда өзбек ағайындар тіккен киімге сұраныс артып барады. Статистикаға сүйенсек, елімізге импортталатын киім-кешектің 5,5 пайызын Өзбекстан тауары құрап тұр. 2017 жылы Өзбекстаннан ел аумағына 9,5 мың тонна киім кірген. Бұл 19 млн 600 мың доллардың тауары. Ал, 2018 жылы Қазақстанға 10,1 мың тонна тауар әкелініпті. Оның құны 18,4 млн доллар. Яғни, ақшаға шаққанда азайғанымен, есесіне тауар көлемі артып отыр. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы сарапшысының мәліметінше, елімізге келетін өзбекстандық киімдердің 60 пайызы іш киімдер екен. Бұдан бөлек балалар киімдері, әйелдердің үйде киетін жейделер көптеп сұралады. Сарапшылар мұны көршілес ел өнімінің бағасы едәуір арзандығымен байланыстырып отыр. Коммуналдық тарифтер мен жұмыс күшінің арзандығы бірден бір себеп дегенді алға тартты.
Бауыржан БЕРДАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Қазіргі таңда бұлар біздің қазақстандық тауармен қарағанда пайызы кемінде 30-40 пайызға арзанырақ болып жүреді. Сондықтан, өзбекстандық нарық сәл біздің нарықты жаулап алуға үлкен қадам басып жатыр. Біздің жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында біз қазіргі таңда үкіметпен электр энергиясы, коммуналдық қызметтер тарапынан төмендету мәселесін қазір қарап жатырмыз.
А. Төребекқызы