Русский Сайттың толық нұсқасы

«Nurlan Baidilda Ltd» қорында Венесуэла Президенті Николас Мадуроның миллиондары сақталуы мүмкін – «The Bloomberg»

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2019
  • 3798

Венесуэла Президенті Николас Модуро миллиондаған долларды қазақстандық бизнесмен Нұрлан Байділдәнің қорында сақтауы мүмкін. Бұл туралы бүгін «The Bloomberg» басылымы оппозиция өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады. Кәсіпкер бұдан хабардар. Бірақ, ақпаратқа қатысты нақты жауап берген жоқ.  

«Nurlan Baidilda Ltd» қоры қас-қағым сәтте әлемге әйгілі болып шыға келді. Беделді шет ел басылымдарының бірі «The Bloomberg» дәл осы қордың шотында Николас Мадуроның миллиондары сақталып жатуы мүмкін деп жариялады. Мақала авторы оппазиция өкілі Карлос Веккоға сілтеме жасаған. Ол аталған қорды «Ресей азаматы құрып, бай-бағландардың инвестицияларын басқарып отыр», - дейді. Қазақстандық бизнесмен Нұрлан Бәйділда болса клиенттеріне қатысты мәліметтер құпия сақталатынын айтып, саясатпен айналыспаймын деді. 

Маған олардың саяси көзқарастары емес, жоғары табысы болғаны маңызды. Менің клиенттерімнің құпиялылығы да ең маңызды заттардың бірі болып табылады. Мен саясатпен емес, бизнеспен айналысамын. 

Ал, Вашингтон Венесуэланы қыспаққа алып, қатаң санкция жарияламақ. Мадуроның қазынадан қымқырған қаражатын тәркілеп, Венесуэла халқына қайтармақшы. Лима тобындағы елдер отырысында АҚШ-тың вице-президенті осылай деп мәлімдеді. Мұнымен қоймай Құрама штаттар елдегі мұнай компаниясының активтерін бұғаттамақ.    

Майкл ПЕНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Біріншіден, біз Лима тобындағы елдерді «PDVSA» мұнай компаниясының активтерін бұғаттауға шақырамыз. Екіншіден, өз елдеріңіздегі активтерді Хуан Гуайдоның басқаруына берулеріңізді талап етеміз. Мадуроға виза беруді тоқтату қажет. Сондай-ақ, Халықаралық Америка даму банкін Гуайдоны қолдап, оған дауыс беруге шақырамыз. 

Боготаға сапарлаған Пенс пен Гуаидо ондағы Венесуэла азаматтарымен жүздесіп, жақында бәрі шешіліп, жағдай қалпына келеді деп қажыған халықты жұбатып бақты. Вашингтон өкілі АҚШ Гуаидоны 100 пайыз қолдайтынын бірнеше рет қайталады.   

Хуан ГУАИДО, ВЕНЕСУЭЛА ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:  

Құрама Штаттардың қолдауы Хуан Гуайдо үшін ғана емес, сіздер үшін де маңызды, біздің Конституциямыз, біздің демократиямыз үшін. Жылама, жылама...    

Ал, Бразилия мен Колумбия шекарасында қан төгіс. Қақтығыс кезінде полицейлер көз жасаурататын газ бен резеңке оқтарды жаудырды. Шекарадағы шиеленіс гуманитарлық көмекті кері қайтарып, дәрі-дәрмек пен азық-түлікті Колумбия аумағында қалдырды. Бұл оқиғадан кейін Николас Мадура әдеттегідей АҚШ-ты айыптады. Ал, Бразилияның вице-президенті жауап қайтарды. 

Гамильтон МОУРАУ, БРАЗИЛИЯНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Венесуэлаға дипломатиялық, саяси және экономикалық қысым жасаудағы бірден-бір себеп Мадуроның саяси режимі құлдырап, Венесуэла қайтадан тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосылғанын қалаймыз.   

Елдің әскерилері әзірге Николас Мадуро жағында. «Ал, «Nurlan Baidilda Ltd» қорындағы миллиондар жергілікті халыққа қайтарылуы керек»,-дейді Карлос Векко. Оның айтуынша, Ұлттық конгрес 2018 жылдан бері Мадуро жымқырған қаржының ізіне түскен. Үкіметтің баспасөз қызметі бұл туралы ләм-мим демеді.  

Н. Біләл