Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтау тұрғындары үйдің астыңғы қабатынан бассейн салуға қарсы

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2019
  • 4184

Ақтау қаласындағы жаңа үйдің тұрғындары ғимараттың астыңғы қабатынан бассейн салмақ болған кәсіпкерге қарсы шығып жатыр. Үй иелерінің сөзінше, болашақта ылғалдың көптігінен ғимарат сыз тартып, іргетасы опырылып кетуі мүмкін. Ал, кәсіпкер бүкіл рұқсат қағазы қолында екенін айтып отыр. Оның сөзінше, бұл- әлеуметтік жоба. Сондықтан, тұрғындар наразылығы негізсіз. 

Бір жыл бұрын салынған жаңа үйдегі 47 пәтердің тұрғындары бассейннің құрылысына қарсы. Олар құзырлы мекемелердің біразының табалдырығын тоздырып үлгірген. Айтуынша, бассейн салынса, ғимарат ылғалданып, бүліне бастайды. 

Нұржан НАЗЫМОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Кәсіпкер кафель төсеп жатқан кезде-ақ бұл іске қарсы екенімізді білдірдік. Бірақ, ол құлақ аспады. «Сіздерден келісімнің керегі де жоқ»,- деді. Біз бассейн құрылысына қарсы емеспіз. Бірақ, мұндай нысан бөлек тұрған ғимаратта орналасуы керек.

Венера ЖЕРЕКЕНОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бассейнде үнемі су тұрады. Егер, бұл нысанның бір жері жарылса, су төмендегі жертөлеге лықсып ағады. Ал, су кетсе, үйдің іргетасы бүлінеді.

Ал, бассейн директоры Роман Макагонов мұнымен келіспейді. Мамандардың ұйғарымына сәйкес, қалыпты жағдайда ылғалдылық деңгейі 60%, ал ғимарат ішінде 52% болуы керек. Бұған қоса, нысан ішіндегі желдету жүйесі де бассейннің көлеміне лайықталып, үш қондырғы орнатылған. Әрі бассейн коммерциялық нысан болғандықтан, тұрғындардың келісімі керек емес екен. 

Роман МАКАГОНОВ, КӘСІПКЕР:  

Бізге дейін де үйдің астыңғы қабатынан талай бассейн салынған. Бәріне заңмен рұқсат берілген. Тұрғындар үйіміз ылғал тартып кетеді деп дау шығарып жатыр. Тіпті, аштық жариялап, клиенттерімізді бассейнге кіргізбейміз деп жатыр. Бірақ, бұл бассейнге жобаның керегі жоқ. Өйткені, құрастырмалы нысан.

Ал, сәулет-құрылыс бақылау мекемесінің өкілдері бұл құрылысқа арнайы жоба керектігін айтады. Осы талапты ескермеген кәсіпкерге 227 мың теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. 

Жасұлан МАХАМБЕТОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Кәсіпкерге айыппұл салып, шілде айына дейін кемшілікті түзеу керектігін ескерттік. Егер, осы мерзім ішінде жобасын дұрыстаса, еш талабымыз жоқ. Ал, ғимараттың құлау қаупі туралы айтуға әлі ерте. Мұндай конструкциялардың бүлінетіні байқалмаса, коммерциялық қызметті тоқтата алмаймыз.

Жаңа бассейн екі айлық сәбилер мен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мұнда мүгедек балалар да келе алады. Бүгінде бассейнге 100 адам жазылса да, нысанның ашылу уақыты кешеуілдеп жатыр. Ал, кәсіпкер тұрғындар наразылығына қарамастан, нысанды жақында ашатынын айтады. Өйткені, «Даму» қорынан алған 19 миллион теңгесін 11 айдың ішінде қайтаруы керек. 

Е. Карин