Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда тұрғын үй кооперативінің үлескерлері пәтерсіз қаламыз ба деп алаңдаулы

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2019
  • 3328

Қызылжарда тұрғын үй кооперативінің үлескерлері пәтерсіз қаламыз деп алаңдаулы. Олар үйдің құрылысын тез арада аяқтауды талап етіп отыр. «Казградстрой» серіктестігі өткен жылдың аяғында қаржылық қысылтаяңға тап болып, сот оның жұмысын үш айға тоқтатып тастады. Сондықтан, төрт бірдей нысанның құрылысы тұралап қалды. Тұрғындар пәтерлері қашан беріледі? Абзал Құрманкин анықтады.   

Якорь ауылының тұрғыны Людмила Беккер - мұғалім. Зейнетке шыққан маман қаладан пәтер алу үшін бірнеше жыл қатарынан ақша жинап, «Қызылжар» тұрғын үй кешеніне ақша салған. Алайда, әлі күнге дейін жаңа қонысын күтумен келеді.  

Людмила БЕККЕР, «ҚЫЗЫЛЖАР» ТҰРҒЫН ҮЙ КООПЕРАТИВІНІҢ МҮШЕСІ: 

Қалаға көшкесін қолымызды жылы суға малып отырамыз ба деп едік. Арманымыз су сепкендей басылды. Коммуналдық жүйелер жоқ. Балконның құрылысы бітпеген. Құрылыс компаниясы ақша жоқ деп отыр.

«Қызылжар» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс 2016 жылы басталған. Бірақ, әлі күнге дейін қаңқасы ғана тұр. Салымшылар құрылыс компаниясының табалдырығын тоздырып жүр. Мұндағы құрылысшылар да үш айдан бері жалақысыз отырғандарына шағымданған еді. Ол кезде еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп, компанияның 112 жұмысшы алдында 70 миллион теңгеден астам қарызы бар екенін анықтаған. Желтоқсанда сотқа арызданып, «Казградстрой» компаниясының жұмысын үш айға тоқтатып тастады.  

Мирас САБАҒАНОВ, СҚО ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде біз 800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салдық. Егер, құрылыс компаниясы міндетін орындамаса, онда сот орындаушылары олардың мүлкін сатылымға шығарады. Айта кету керек, бұл компанияда штаттан тыс жұмыс істеп жатқан адамдар да бар. Сондықтан, серіктестік тек 112 адамның алдында емес, басқа да жұмысшыларға қарыз болуы мүмкін. Олар келісім-шартқа сүйене отырып, сотқа арыздана алады.

Бізге телефон арқылы жауап берген құрылыс компаниясының басшысы бұл іске өзінің бұрыңғы орынбасарын кінәлап отыр. Айтуынша, компанияның экс-қызметкері қомақты қаржыны жымқырған. Осының салдарынан төрт бірдей құрылыс нысаны тоқтап қалды. «Қызылжар», «Аққайың» мен «Трио» тұрғын үй кешендері кооперативтің қаражатына салынса, төртіншісі мемлекеттік бағдарламаның аясында тұрғызылған. Қазір серіктестік инвестор іздеп әлек.  

Александр АВДЕЕВ, «КАЗГРАДСТРОЙ» ЖШС БАСШЫСЫ: 

Біз жалақының 30 миллион теңгесін қайтардық. Сот біздің жұмысымызды тоқтатып, қолымызды байлап тастады. Мен қазір Астанада инвестор іздеп жүрмін. Ертең келіп, «Қызылжар» тұрғын үй кешенінде жылу береміз. Кейін тұрғындар ішіне жайғаса алады. «ТРИО» тұрғын үйінде де жұмыстар жақын арада жандана түседі. Наурыздың аяғында соттың мерзімі бітеді. Сәуір айынан бастап барлық нысандарды қолға аламыз.

Ал, жергілікті әкімдіктің бұл кәсіпорынға көңілі суып қалса керек. Билік өкілдері құрылыс компаниясын сотқа берген. Олар мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтеріп жатқан 192 пәтерлі үйдің құрылысын басқа компанияға тапсырмақ.  

Жанат ЕСЛЯМ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Тұрғын үйдің сметалық құны 2 миллиард 100 миллион теңге. Мердігер оның 780 миллион теңгесін игерді. Егер де біз сотта жеңсек, онда басқа компания тағайындалып, қалған қаражат соларға беріледі.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Аталған компанияға тиесілі «ТРИО» тұрғын үй кешенінің орнында құрылыс осымен екінші рет қолға алынып отыр. 2005 жылы дәл осы жерде көпқабатты баспана құрылысы басталып, артынша сәтсіз аяқталған болатын. Айта кету керек, өткен ғасырдың бас кезінде бұл аралықта ішкі істердің халықтық комиссариатының ғимараты орналасқан. Қан төгілген жерде 2012 жылы қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақта орнатылған.

А. Құрманкин