Допинг қолданды деп айыпталған Алексей Полторанинді Қазақстан жазалай алмайды. Өйткені,мұндай әрекет заңда бекітілмеген. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты. Шаңғышы ертең өзі мәлімдеме жасайтын көрінеді. Қазір спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев онымен тікелей байланыста. Еске салайық, 27 ақпанда спортшы Австриядағы әлем чемпионатында допинг пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді.
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Өкінішке қарай, бізде допинг үшін жазалайтын ешқандай шара заңда қабылданбаған. Соны қабылдау үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз. Содан кейін ғана ақшаны қайтару, санкция және басқа да механизмдер туралы айта аламыз. Мен таза спортты қолдаймын. Онсыз да допингтің кесірінен Лондон, Пекин олимпиадаларында қаншама рет зардап шектік.
А. Сейфулла