Русский Сайттың толық нұсқасы

Көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алады

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2019
  • 4407

Көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек алуы қажет. Бүгін Президент әлеуметтік саясатты іске асыруға арналған жиында осындай тапсырма берді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Әкімдер халықтың өзекті мәселелерін өз бақылауында ұстап, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауы керек»,- деді. Сондай-ақ, бөлінген қаражаттың шашауы шықпай жұмсалуын тапсырды. Данияр Қайыртай толықтырып айтады.  

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыт-бағдарларын айқындаған болатын. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрмысын түзеуге арналған ол ұсыныстар бұған дейін жарияланған «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» мен қазан айындағы халыққа жолдауымен қабысып жатыр. Сондықтан, көптен бері айтылып жүрген мәселелер тездетіп шешілуі керек. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындар мен көпбалалы отбасылар мемлекет қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең бірінші, әл-ауқаты өте төмен адамдарға бірінші сәуірден бастап төлей бастайық. Мен басқасының бәріне жылдың ортасынан бастап деп айттым ғой өзімнің сөзімде. Оның бәрін солай жасаймыз. Бірақ, әл-ауқаты төмен, көпбалалыларға мүмкіншілігінше қаражатты алып, бірінші сәуірден бастап төлей бастайық. Күтіп отырған, үміт етіп отырған адамдар көп. Барлығына түсіндіру керек. Кейбір адамдар ойлайды, Үкіметтен сұрасақ, бәрін бере береді деп. Қайдан келеді ақша? Ақша түседі: мына қазіргі салық төлеп отырған Қазақстанның азаматтарының ақшасын бөліп жатырмыз.

Үкімет басшысы съезде көтерілген бастамалардың әрбір бағыты бойынша «Жол карталары» әзірленгенін айтты. Ал, оған бөлінетін бюджетті нақтылау мәселелері Үкіметтің келесі отырысында қарастырылып, Парламентке енгізілмек.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын бастаймыз. Инженерлік коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жол желілерін, электр энергетикасымен, газбен жабдықтау, шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту мәселелерінің бәрі ұйымдастырылатын болады.

Ал, Үкіметтің әлеуметтік блокқа жауапты мүшелері келесі аптадан бастап өңірлерді аралап, халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау үшін тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Оны осы айдың соңына дейін Парламент мақұлдауы тиіс.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Екіншіден, 4 ережеге өзгерістер енгізілді. Ол әсіресе осы әр отбасының кірісін есептеуге байланысты. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы алатын бюджеттік мекемелердің қызметкерлерімен байланысты өңірлермен бір айдың ішінде нақты есеп әрбір адам бойынша жүргізіп бітеміз.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдар мен өңір басшыларының жұмысы халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасына қарай бағаланатынын айтты. Үкімет, әкімдер, жұртшылық және «Нұр Отан» партиясының осы бағыттағы жұмыстарын Президент өзі жіті бақыламақ.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл енді біздің шашылып жатқан ақшаның барлығынан емес, артықшылығынан емес. Дегенменен, басқа жаққа экономиканы өсіп-өндіруге жұмсамай, халыққа берейік деп отырмыз. Сол керек болып отыр. Сондықтан бұның барлығын түсініп, мемлекеттің қандай шарасы екенін біліп, барлық халық түсінуі керек. Ең алдымен ел жұмыс істеуі керек. Біздің мемлекеттің алдында тұрған міндет - жұмыс беру. Шағын және орта бизнесті қолдап, әр адамға жұмыс беру.

Яғни, халықта жұмыс болса, отбасын асырайтын қаражаты да болады. Президенттің меңзеп отырғаны - осы. Сондықтан, өңір әкімдері жұмыссыздықты жоюға басымдық беруі керек.

Д. Қайыртай