Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісін табыстады

  • AstanaTV
  • 07 наурыз 2019
  • 6787

Кешірім болған жерде ынтымақ болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз мерекесіне орай әйелдер қауымы өкілдерімен кездесуінде осылай деді. «Көктем шуағы» дәстүрлі шарасында қос бірдей көпбалалы анаға өз қолымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісін тақты. Кездесуге келген әр үшінші әйел - көпбалалы ана. Елбасы оларға отбасының береке-бірлігі, әйелдердің рөлі туралы әзіл аралас әңгімелер де айтып берді. Абай Сейфулла жалғастырады.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Бүгін Ақордаға әр саладағы үздік әйелдер жиналды. Олардың ішінде кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер, ақын, әнші, полиция капитаны, кран машинисі де бар. Мемлекет басшысы жылдағы дәстүрмен барлығын мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын табыстады. Әсіресе биылғы жылы көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті.

36 жасында жеті баланы өмірге әкеліп үлгерген атыраулық Алтынай Бөкенбайқызы алтыннан алқа тақты. Ал Алматыдан келген Мәншүк Мәмбетова «Күміс алқа» төсбелгісіне ие болды. Батырдың есімін иемденген келіншек «Батыр ана» болам деген үлкен мақсат қойған. Президентпен бұл кездесу есінде қалатынын айтады.

Мәншүк МӘМБЕТОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Менің аяқ астынан тамағым жыбырлап, жөтел қыса жөнелді. Сол кезде Елбасы қасыма келіп, бір дәрі беріп кетті. Сол дәріні жеген соң жөтелім аяқ асты қойып, жақсы болып қалдым. Сондай қамқор кісі екенін байқадым. Өте ыстық, сондай бір жылы кездесу болды.

Мереке иелеріне Президент дәрі ғана емес, мағыналы әзілдерімен де дәрумен сыйлады. Отбасындағы татулықтың ер мен әйелдің терең түсіністігі арқылы орнайтынына жақсы мысал келтірді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі көрші тұрады екен. Біреуінің үйінде ылғи жанжал, ал екіншісі тып-тыныш, тату-тәтті өмір сүреді. Сонда бірінші отбасының отағасы әйеліне айтады, сен көршіге тығылып барып, неге жанжалдаспайтынын біліп келші. Жаңағы келіншек көршіге барып, тығылып біраз отырады. Ол үйдің әйелі үйді жинап жүріп, үстелге өте қымбат бір вазаны қояды. Жұмысқа асығып бара жатқан күйеуі бақамай, қолымен қағып кетеді. Анау қымбат ваза жерге түсіп сынады. Күйеуі кешірім сұрай бастайды. Әйелі болса, «Жоқ, сенің кінәң жоқ, мен вазаны шетке қоймауым керек ед» деп, шыр-пыр болады. Сөйтіп, бір-бірінен кешірім сұрайды. Анау келіншек үйіне келгеннен кейін күйеуі не көрдің деп сұрайды. «Олар бәріне өздерін кінәлі деп санайды, ал біз менікі дұрыс деп қайтпаймыз» дейді келіншегі. Сондықтан біреуі айтқан кезде екіншісі шегінсе, ештеңе етпейді. Кешірімді болған жерде әр уақытта ынтымақ болады

Мерекелік шараға барлық қыз-келіншек құлпырып келгенін айтуды да ұмытпады, Президент. Ер азаматтармен қатар кран машинисі болып, ауыр жұмыс арқалап жүрген Айжан Төлегенова бүгінгі кездесуге таңғы бестен дайындалыпты. Төрт баланың анасы.

Айжан АСМАҒАНБЕТОВА, КРАН МАШИНИСІ:

Әр жұмыстың өз қиындығы болады ғой, бірақ мен үйрендім. Қазір коллективімде кілең еркек адамдар. Жолдасым екеуміз де бір салада жүргесін бізге ортақ әңгімеміз бар. Бізге оңай деп ойлаймын.

Қазақстанда некелескендердің 20 пайызы ажырасып кетеді екен. Президент оның себебі - жастардың ойластырылмаған әрекеті, ата-ана әсері және жоқшылық дейді. Ал берекенің бас кілті- түсіністік пен екі арадағы жібек сезім.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Бүгінде статистика бойынша, еліміздегі 18 млн-нан астам халықтың 51 пайызы әйелдер. Олардың көбі тамақ өндірісінде, білім, денсаулық сақтау, қаржы саласында жұмыс істейді. Президент, әсіресе бизнестегі әйелдердің үлесі жылдам артып келе жатқанын айтты. Себебі Қазақстандағы кәсіпкерлердің 43 пайызын әйелдер құрап отыр.

А. Сейфулла