Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрғынынан турисі көп Бали!

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2019
  • 3632

Президент Телерадиокешені Н.Назарбаевтан алған сұхбаттың үзіндісін Facebook парақшасында жариялаған: «Біріншіден, шетелдік туристерге біздің биік тауларымызды көруді ұсынар едім. Рюкзак асынып, кроссовки киіп, тауға кету керек. Әсіресе, жаз мезгілінде ерекше сұлу болады...», - деген Н.Назарбаев. Екіншіден, шеті мен шегі көрінбейтін даланы көруге кеңес береді. Үшіншіден, киіз үйдің ішінде ұлттық тағамымыз - қазақша дайындалған етті жеп, қымыз ішу керектігін айтады. Төртіншіден, Мемлекет басшысы туристерге далада ат үстінде шабуды ұсынған. Бағдарлама соңында шабандоз қыз туралы сюжет бар. Ал қазір баратын туристері тұрғындарынан көп Индонезияның Бали аралынан біздің тілшілеріміздің репортажы.

Бали - Индонезиядағы туристер үшін ең танымал арал. Өз сұлулығына байланысты демалушыларды тұмса табиғат, таңғажайып пейзаждар, тропикалық ормандар мен жағажайлары қатты қызықтырады. Ал көршілес жатқан Австралия халқы бұл аралдан жыл он екі ай шықпайды.

Бухан МАДЖАЛЬТИ СИМА МОРА, ГИД:

Біз қазір «Дримленд» жағажайында тұрмыз. Бұл жерде негізінен Австралиядан келетін туристер көп. Олар серфингпен айналысады. Кәдімгідей кәсіби түрде жаттығады. Қазақстаннан да демалушыларды көреміз, олар негізінен табиғатты тамашалап, жағажайда жаяу қыдырады. Бұл елдің қайда екенін білмеймін. Бірақ жақын емес екені анық.

Шағын аралдың халқы да көп емес. Мұнда 4,5 млн адам тұрады. Өзге аралдармен салыстырғанда бұл тым аз. Есесіне туристер екі есе көп. Жылына мұнда 11 млн. шетелдік ат басын бұрады. Қазақстандықтарды да кездестіруге болады. Олардың арасында саяхаттап келетіндерден тыс білім іздеп келген жерлестеріміз де кездесті. Астаналық Айнұр Нұрғазина мен Әсел Қасымова өткен жылы қыркүйек айында Балиге қоныстанған. Арнайы бағдарламамен тегін тіл үйрену курсына келген.

Айнұр НҰРҒАЗИНА:

Менің анам бастапқыда қарсы болды. Бірақ тіл үйрену үшін қажет екенін түсінді. Мұнда жергілікті тілді меңгеру қиын емес. Қазақ тіліне көп сөздерінің айтылуы ұқсас. Мысалы, "мүмкін", "сабын" деген сөздер тура солай естіледі. Келген соң бір аптада тұрмысқа қажетті сөздерді жаттап алдым. Дәмханадан тамақ сұрап ішуге, сауда жасауға жарады. Бұл жақтың халқы саудаласқанды жақсы көреді.

Әсел ҚАСЫМОВА:

Бір рет мен адасып кеттім. Жолды таппаған кезде жергілікті адамдар көмек қолын созды. Тіпті біреуі қолымнан алып жетелеп керек жерге апарып тастады. Ол үшін ақы да алмады. Сол үшін құрметтеп кеттім.

Жергілікті халық үнемі жымиып жүреді. Өзге қазақстандық туристер де олардың тым ақкөңіл екенінен секем алғандарын айтады. Дегенмен шынайылығына сенесің дейді танымал әнші Бүркіт.

Бүркіт, ӘНШІ:

Жымиғанда шынайылығы көрініп тұрады. Мысалы, еуропалықтар өтіріктен түріңе қарап жылы қабақ танытады. Бірақ бұл жердегі адамдардың ақкөңілділігін жалға автокөлік алып, қаланы аралағанда байқадым. Кейбір қиылыстарда бағдаршам болмайды. Жақындап келсең, жүздеген мотоцикл мінген адамдарды көресің. Олар бір-бірімен жолға таласпайды. Соқтығыспайды. Себебі сыйластық, өзгеге жол бере салу мәдениеті қалыптасқан.

Аралдағы тағы бір ерекшелік - мінәжат орындарының көптігі. Бали жергілікті тілден аударғанда "мыңдаған ғибадатханалар аралы" деген мағынаны білдіреді. Алып храмдар аралдағы қалалардың барлығында кездеседі. Бірақ халық тіршілік қамымен жүргендіктен онда бара бермейді. Көбіне құдайға өз үйінің аумағынан ашып алған мінәжет бұрыштарында сыйына береді.

Ибу БУКТИ, ТҰРҒЫН:

Әр күні біз таңғы сағат 6-да тұрамыз. Бірінші кезекте ғибадат етеміз. Сосын барып жұмысқа қамданамыз. Ал кешке үйге келгенде бірінші осы сыйынатын жерге бұрыламыз. Оны өзге өтіп бара жатқан адамдарға ыңғайлы болу үшін үйдің бұрышына, көшеге жақын етіп саламыз. Екі жыл сайын жөндеуден өткізіп тұрамын. Оны салуға 10 мың АҚШ долларын жұмсадым.

Мемлекет те үнді құдайларын мадақтауға ақша аямайды. Мына алып кешенді салу үшін жергілікті билік жүздеген миллион доллар жұмсапты. Құрылысы соңғы 10 жылда үздіксіз жүргізілген монументтің биіктігі 50 қабатты мұнарамен тең. Тіпті Нью-Йорктегі бостандық тас мүсінінен бір жарым есе үлкен.

Бали аралдарына саяхаттау үшін емес, жақсы табыс табуға барған жерлестеріміз де табылды. Алматылық Әнел Өмірзақова аралға екі жыл бұрын қоныс аударған. Алматыдағы банктердің біріндегі қызметін тастап, бір компанияның бизнес басқарушысы болып жұмысқа тұрған. Таңдау жасағанына өкінбейді. Тек үйін жиі сағынады.

Әнел ӨМІРЗАҚОВА:

Мен шет елде тұрамын деп армағандаған емеспін. Алматыдан ешқайда шықпаймын, елімді тастамаймын деп жүріп, Балиден бір-ақ шықтым. Әрине, өмірде кездейсоқтықтар болады. Бірсыдырғы тіршілікке қарағанда, бұл да жақсы.

Индонезиядағы бизнестің көзін тапқан негізінен малайлықтар мен қытайлар. Елдегі туристік орындарға инвестиция салып, дамытып отырған да осы елдің ірі кәсіпкерлері. Жергілікті халық көбіне оларға қызмет көрсетеді. Елде машина жасау ісі мен текстиль ерекше дамыған. Ал туризм, сөзсіз, ең негізгі табыс көзі. Мемлекет 17 мың аралдан тұрады. Оның 16 мыңы әлі зерттелмеген, тіпті адам аяғы баспаған жерлері жеткілікті. Ендеше ежелгі тарихы мен болашағы зор ерекше елге саяхаттауды қалайтын адамдар саны да жыл сайын артып отыратыны заңдылық.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт», Индонезия, Бали аралы