Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік бағбандар өзен-көл ағасындағы талдарды отауға қарсы

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2019
  • 3785

Ал ақтөбелік бағбандар Бұтақ өзені жағасындағы ағаштарды жаппай отауға қарсылық білдіріп жатыр. Мұны қоршаған ортаға қастандық деп түсінбей дал. Ал жергілікті билік осылайша, тасқынның алдын алуға қамданып жатыр екен. Тіпті, оған бюджеттен арнайы ақша бөлінген. Сөйтіп, 970 куб ағаш оталыпты.  

Тұрғындар Бұтақ өзені 18 жыл бұрын тасығанын еске алады. Одан бері бұл өзен бірде-бір рет «мінез көрсетпеген». Айтуларынша, жайқалған терек пен гүлдерге толы жағалау көз қуанышы еді. Енді міне ағаштары қырқылып, өзен жағасы ми батпаққа айналды. Бағбандар көлеңке болмаған соң көлдегі су да тартылып қалады деп алаңдайды. Олар бау-бақшаға жаз бойы осы жерден су алады.    

Наталья МАЛЬЦЕВА, ТҰРҒЫН: 

Бағбандар енді өнім ала алмайды. Сусыз қалдық. Балалар да суға шомыла алмайды. Өзеніміз балықсыз қалды. Бұл жердің табиғаты қандай керемет болды. Кәдімгі жабайы үйректер, қаздар мекендеген. Мұнда кірпі, тасбақа, балықтың түр-түрі болатын. Жағасында қарақат теретін едік.

Галина БАРАНОВА, ТҰРҒЫН: 

Өкініш өзегімді өртеп барады. Жылағың келеді. Осындай керемет жерді батпақ шұңқырға айналдырды да тастады. Табиғатқа неге сонша қастаңдық жасады? Менің сөзім жоқ.

Қала билігі мұны тасқынмен күрестің бір жолы деп түсіндірді. Оған бюджеттен 6,5 миллиард теңге қаражат бөлініп, сегіз өзеннің арнасы аршылған. 18 мың гектар жер тазартылып, жоба бойынша 970 куб ағаш оталыпты.  

Ибрагим КҮЗБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Өзен арнасындағы талдарды кесу жұмыстарын қазір біз облыс әкімінің тапсырмасымен қайта қарап жатырмыз. Біз енді максималды түрде жағада өскендерге тиіспей. Бірақ өзеннің арнасында орналасқандарды алмасқа амал жоқ. Бірақ алынған әрбір талға сол мердігерлер жоба бойынша тал отырғызып береді.

Дегенмен жергілікті экологтар да атқарушы биліктің бұл әрекетін сынға алды.  

Александр МАНДРЫКИН, ЭКОЛОГ: 

Өзенді қураған ағаштан, өртенген талдардан, қоқыстан ғана тазалау керек еді. Дала өрттерінен кейін қалған бұталарды жағаға шығару керек еді. Ал өзен жағасындағы ағаштарды, оның жағалауындағы өсімдіктерге тиісуге болмайды. Оның өзі табиғатқа қиянат.

Халықтың жаппай наразылығынан кейін Қарғалы өзені бойындағы теректерді отау тоқталды. Ал «жалаңаш қалған» Бұтақ өзені жағасын қалпына келтіру үшін, екі қатар тал егу қажет. «Олардың жерсініп, өсіп кетуі үшін жылдар керек», дейді табиғат жанашырлары.   

Б. Рахметова