Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде нан бағасы қымбаттады

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2019
  • 11255

Сондай-ақ, аймақтарда ас атасы қымбаттап жатыр. Бірқатар өңірде нан бағасы бірден 10 теңгеге өсті. Мәселен, Павлодарда бір бөлке 1 ай бұрын 80 теңгені құраса, қазір 90 теңгеден сатылып жатыр. Бұдан бөлек Орал, Шымкент және Қостанайда баға 10 теңгеге қымбаттады. Ал Атырау, Қарағанды, Қызылордада 5 теңгеге көтерілді. Наубайшылар нан бағасының өсуін ұнның қымбаттауымен байланыстырады.  

Владимир ЧЕСНОКОВ, «ЖЕЛАЕВСКИЙ ХЛЕБ» НАН ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН МАМАНЫ:  

Нанның құны алдымен ұн бағасы өскен соң қымбаттады. Тіпті, 2 есеге дейін көтерілді. 1-ші сұрыпты ұн 100 теңгеге, жоғары сұрыпты ұн 115 теңгеге дейін қымбаттады. Сондай-ақ, қанттың және басқа да қажетті азық-түліктің бағасы өсті. Біз шығынға жұмыс істеп келдік. Сондықтан нанның құны орташа 5-10% қымбаттады. 70 теңге тұратын әлеуметтік нанды шығынға кетсек те, шығарып жатырмыз.

Аймақтағы атқамінерлер ұнға бөлінетін субсидияға сеніп қалғандарын айтады. Нан бағасын сол арқылы тұрақтандырмақ болған.  

Руслан ДӘУЛЕТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Ауылшаруашылығы министрлігі әлеуметтік ұнға субсидия бөлеміз деген. Бірақ, қазір ешқандай субсидия беріліп жатқан жоқ. Сондықтан, бағаны қымбаттатуға рұқсат бердік.

Ал ауылшаруашылығы министрлігі ұнға субсидия бөлу жобасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Әзірге елдегі астық бағасын әлемдік нарық белгілейді. Қазір бидайдың тоннасы 68 мың теңгеден сатылып жатыр. Ол былтырдан бері 10 мың теңгеге қымбаттаған. 

Мейірман ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР АШМ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМ НАРЫҚТАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ САРАПШЫСЫ: 

Алдағы уақытта нан бағасы күрт қымбаттамайды. Бірақ, бірнеше пайызға өсуі мүмкін. Өйткені, бидай азық-түлік тауарына жатады. Қазір баға бірден көтеріліп кетеді деп айта алмаймыз.

А. Бектас