Шымкентте сәуірде бизнес супермаркет ашылады. Онда жастарға кәсіп бастаудың қыр-сыры түсіндірілмек. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясында жастардың қатысуымен өткен жиында айтылды. Шағын және орта кәсіппен шұғылданғысы келетін жастарға 5 млн теңгеге дейін несие беріле бастайды. 7 жылға дейін рәсімделетін қаржы небәрі 8,5 пайызбен берілмек. Жас бизнесмен соның тек 1 пайызын ғана төлейді. Қалғанын жергілікті әкімдік субсидия есебінен жабады. Бұған әкімдік 600 млн. теңге шамасында қаржы қарастырып отыр. Бір айта кетерлігі, бизнесті бастағандарға қолбайлау болатын кепілдік мәселесі де ескеріліпті.
Нұркен БЕГУЛИЕВ, ШЫМКЕНТ қ. КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:
Бізде арнайы бізде кепіл бағдарламасы бар «Даму» фондымен бірге. Ол жерде 85 пайызға дейін біз кепілдігін істеп бере аламыз. Ол жерде, мысалы, миллион теңгеге несие аламын десе, оның 150 мың теңгесіне кепіл тауып, басқа 85 пайызын біз кепілдік береміз.
Ал Қызылордада 515 жас биыл алғаш рет кәсіби білім алады. Оларға кәсіптік колледждердің есігі ашық. Сондай-ақ, «Жастар жылына» орай бизнеске берілетін грант көлемі көбейгені белгілі болды. Бұған дейін 240 мың теңге болса, енді 505 мың теңге бөлінбек. Басқосуда жастарды жұмыспен қамту мен баспана мәселесі де сөз болды.
Талғат ТЛЕС, «ЖАС ОТАН» ЖҚ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл жастарды қолдау комиссиясы әрбір квартал сайын бір мәрте өткізіліп тұрады. Бір отырыста жастардың арасында кәсіпкерлікті дамыту, оған қандай мәселелер кедергі болып жатыр. Одан кейін біздер, жастарға, тиімді тұрғын үйлер, қалай оңтайландырамыз, осының әдістері. Сол салаға жауапты мемлекеттік орган, яғни, атқарушы билікті комиссияға шақырып, атқарып жатқан жұмыстарын тыңдап және де өзіміздің ұсыныс-пікірлерімізді білдіреміз.
А. Төребекқызы