Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облыстық ІІД қыруар қаржыны игере алмай отыр - Прокуратура

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2017
  • 3180

Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті қыруар қаржыны игере алмай отыр. Оның жалпы сомасы 1 млрд 300 млн теңге. Соның салдарынан материалдық-техникалық жабдықтар жаңартылмай қалған. Бұл олқылықтар прокуратураның тексеруінен кейін анықталды. 

Үйлестіру кеңесінде ІІД бастығы Маткенов мырза берекесіздіктер үшін жауап берді. Облыс бюджетінен бөлінген қаржыға полицейлер көлік пен құрал-жабдықтарын сайлап алуы тиіс болған. Бірақ 9 айдың қорытындысы бойынша бір миллионға жуық қаржыға тек бір ғана көлік сатып алыныпты. Ал іс жүзінде 270 миллион теңгеге 34 автокөлік алынуы тиіс екен. Сонымен қатар жергілікті полиция жұмысында жүйесіздік көп. Бақылау болғанмен жұмысты бағалауға нақты критерийлер жоқ екен. Соны назарға алған прокурорлар тәртіп сақшыларының тындырған жұмысын бағамдау үшін ерекше жүйе енгіземіз деп отыр.

Қайсар Бекмұратов, облыс прокурорының аға көмекшісі: 

Облыс прокурорының ұсынысы бойынша жергілікті полицияның жұмысын бағалау үшін критерийлерді ойластырған. Мысалға, жасалатын 100 пайыз қылмыстың соңғы 4 жылда 50-60 пайызы - ұрлық. Сол ұрлықтың санын азайтып, ашылу санын көбейтетін болса, оның жұмысына оң баға беріледі. Керісінше болса, теріс баға береміз.

Ал Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің өкілдері мұнымен келіспейді. Жыл аяқталған жоқ, құзырлы орган қызметіндегілер қаржыға қатысты ақпарат таратуда асығыстық танытып отыр, дейді олар. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының аяқталуына әлі 2 ай  уақыт бар деген уәжін алға тартады.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы: 

Әзірге қаржылар игерілмеді деп айтуға асығыстық жасаған сияқты. Себебі тендерлік ойнатылымдар әлі біткен жоқ. 42 млн 875 мың теңге 175 бейнетіркегішке, 8 млн 800 мың теңге «Электронды қылмыстық іс» жобасын жүзеге асыруға арналған 40 компьютерге бөлініп отыр. 269 млн 462 мың теңгеге 34 автокөлік алуға келісімшарт жасалды.