Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды қаласы кәріз суының астында қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2019
  • 6808

Ал Қарағандыда кәріз жүйесі «динамит» секілді бір сәтте жарылуы мүмкін. Жауапты компания мамандары тозығы жеткен құбырлардан қауіптенеді. Кәріз жүйелерінің қолданыс мерзімі екі есеге асып кеткен. Тез арада ауыстырмаса, қала қалдық судың астында қалуы мүмкін. Толығырақ Айжан Қуаштың репортажы.  

Бұл 2016 жылы болған оқиға. Қаланың қақ ортасындағы кәріз коллекторы тозғандықтан үстіндегі тас жол ойылып кеткен. Мамандар мұндай жағдай тағы қайталана ма деп қауіптенеді. Өйткені, кеншілер шаһарындағы кәріз жүйесінің 80 пайызы ескірген.  

Николай СЕНЬКОВСКИЙ, «ҚАРАҒАНДЫ СУ» ЖШС СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Сұрыптау, Майқұдық аудандарындағы құбырлар өткен ғасырдың 60-шы жылдарында салынған. Пайдалану мерзімі ең көп дегенде 35 жыл. Барлығын жөндеп шығу үшін 98 млрд теңге қажет, ал біз болсақ мардымды жұмыс жүргізіп жатқан жоқпыз. Оларды бұл мерзімнен екі есе көп уақыт қолданып келеміз. Мүлде пайдалануға болмайды. Кішкене ғана соққы алса бітті, бүкіл қаланы кәріз суы басады. Бұл нағыз динамид деген сөз.

Кәріз құбырларымен бірге су құбырларын жөндеп, айырбастауға шамамен 98 млрд теңге қаржы қажет дейді салаға жауаптылар. Оның үстіне тұтынушылар металдарды, құрылыс материалдарын кәріз құдықтарына тастауды қоймаған. Салдарынан жүйес жиі бітеліп қалады.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Қаланың бүкіл кәріз суы осы жерге жиналып, ұзындығы 132 шақырым құбырларда тазартылады. Өкінішке орай, олардың тең жартысы бүгінде апатты жағдайда. Қолданылу мерзімі 20 жыл, кейбірінікі 40 жыл бұрын өтіп кеткен. Сондықтан, құбырларды айырбастамаса, Қарағандының кәріз жүйесі бір-ақ күнде тоқтауы мүмкін.

Кәріз жүйесі 6-7 метр тереңдікте жатқандықтан оны айырбастау үшін қаланы толық көшіру мүмкін емес. Сондықтан, мамандар жер астына құбыр салатын арнайы көлік жіберу керегін айтады. Ол техниканың өзі 500- 800 млн теңге тұрады деп отыр.   

Николай СЕНЬКОВСКИЙ, «ҚАРАҒАНДЫ СУ» ЖШС СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Басқа амал жоқ. Бұл тәсіл сол аумақтағы құбырды орнынан қозғамай жөндеуге мүмкіндік береді. Сонда ғана жер бетіндегі инфрақұрылымды, құрылысты сақтап қаламыз.

Ал, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы иесіз қалған құбырларды да жөндеу керегін айтады. Қалада ұзындығы 23 шақырымға созылатын мұндай құбыр бар.  

Жаслан АЙТМАҒАНБЕТОВ, «ГАРАНТ» ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Қараусыз қалған құбырлар да жөнделуі тиіс. «Қарағанды су» өзіне тиесілісін айырбастағанмен қалғандары жарылса не болмақ? Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен жергілікті билік, мемлекеттік энергоқадағалау мекемелері бұл мәселені бақыласын. Онымен қоса кез келген модернизация тарифті қымбаттатады. Бұл сұрақ та реттелуі тиіс.

Жергілікті әкімдік қала проблемасынан хабардар болғанмен жақын арада кәріз жүйесінің қауіпті 10 пайызы ғана айырбасталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оған да нақты қаржы белгіленбеген. Ал қалған 70 пайызын жөндеу жоспарда жоқ . Сондықтан, кеншілер шаһарының тозығы жеткен кәріз құбырлары қаншаға шыдайтынын ешкім білмейді.   

А. Қуаш