Русский Сайттың толық нұсқасы

Шахматтан командалық әлемдік чемпионатта Ринат әлемнің мықты шахматшысын жеңді!

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2019
  • 6289

Астанада шахматтан командалық әлемдік чемпионат өтті. Бұл сайысты біз де асыға күткенбіз. Сенсация болды – қазақстандық шахматшы Ринат Жұмабаев атақты шахматшы Сергей Карякинді жеңді!   

Иә, чемпионат қорытындысында алғашқы үштікке ене алмадық - жігіттер 8-орынды иеленді. Дегенмен қыздардың нәтижесі жап-жақсы - 5-ші орынды алды.

Мәселе турнирдің қорытындысында емес, мәселе – қазақ балаларының шахматтан мықты бола алатынында. Ал шахмат интеллект ойыны. Шахмат сол жақ та, оң жақ та бөлігі жұмыс істейтін Ми ойыны. Данияр Қайыртайдың жайған «шахмат тақтасы».

ДЕБЮТ немесе ПРОЛОГ  

Шахматшы әйелдер тағы да ерлерден гөрі жақсырақ нәтиже көрсетті. Әлем чемпионатында қыздар үздік бестікті түйіндеді. Ерлер құрамасы сегізінші орын алды. Астанада алғаш рет өткен дүниежүзілік біріншілікке 14 елдің гроссмейстерлері келген.  

Гүлмира ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Ерлеріміз бірінші рет қатысып жатыр әлем біріншілігіне командалық есепте. Ал біз үшінші рет қатысып отырмыз.

Екі секцияда он-он командадан болды. Әр құрамадан 4 шахматшы сайысқа түссе, біреуі запаста отырды. Қыздардан біздің елдің намысын Жансая Әбдумәлік, Динара Сәдуақасова, қайтып оралған Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева мен Гүлмира Дәулетова қорғады. Чемпионат алдында жаттықтырушылары ауысқан екен. 

Арман ПАШИКЯН, ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: 

Қыздар жас болса да, тәжірибелі. Олар әр ойнаған партияларынан сабақ алып отырады. Сондықтан әрдайым жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Гүлмира ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Деңгейіміз жоғарылап келе жатыр жыл сайын. Мысалы, бүгінде біз әлемнің ең мықты он командасына ілігіп отырмыз. Рейтинг бойынша да өте мықтымыз.

Қазақтың ерлері де осал емес. Тек бәсекелестік күшті. Қыздардай атақтары шықпай жатқаны да сондықтан. Аттарын брендке айналдырып, академия да ашып жатқан жоқ. Шетінен қарапайым жігіттер. Әйтпесе әлемді аузына қаратып, жеңген күндері жеткілікті. Бір ғана Ринат Жұмабаевтың өзі неге тұрады!? Командада одан бөлек Әнуар Ісмағамбетов, Мұртас Қажғалеев, Денис Махнев пен Петр Костенко өнер көрсетті. 

Дәрмен СӘДУАҚАСОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГРОССМЕЙСТЕР: 

Ринат Жұмабаев қазақстан құрамасында бірінші тақтада ойнады. Әлем мойындаған шахмат жұлдыздарын ұтты. Сергей Карякин мен Майкл Адамсты.

МИТТЕЛЬШПИЛЬ немесе КУЛЬМИНАЦИЯ   

Бұл жарыстағы Жұмабаевтың жұлдызды сәті – әлемнің 2016 жылғы вице-чемпионы Сергей Карякинді ұтқаны. Ойын чемпионаттың бесінші турнирінде өтті. Жеңістен соң біз арнайы барып, шахматшымен сұхбаттасқанбыз.  

Ринат ЖҰМАБАЕВ, ШАХМАТШЫ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Ойын 5 сағаттан астам болды. Сонда ол ең басынан дебюттен бастап менің жағдайым оныкіне қарағанда әлдеқайда тәуірірек болды. Маған ыңғайлы ойнауға болды. Одан кейін мен тез бір пешканы ұтып алдым. Бірақ ол қорғаныста болғаннан кейін мен амалын таба алмадым: былай жүрдім, былай жүрдім, болмады. Соңында мен кішкене ойынның «суретін» кішкене өзгерту үшін пешканы оған қайтарып беріп, шабуылға шықтым тағы, мат қоюға тырыстым...

Сонша ұзақ дұрыс қорғанғаннан кейін ол, мен болды енді, ничья болатын шығар деп ойлап қалдым. Тек қана соңында, жарайды енді, тағы бір талпынып көрейін, тағы бір ұмтылып көрейін, тағы бір алға жүріп көрейін деп сондай үмітпен әрі қарай ойнап отырғанмын. Соңында қателесіп кеткенде өте қуандым.

Ринат аты аңызға айналған Ресей спортшысымен бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Бұған дейін екі мәрте блиц-турнирлерде ұтылып қалған. Ал бұл жолы қазақстандық гроссмейстер жаттықтырушысымен бірігіп Карякиннің осал тұстарын алдын ала зерттепті. Чемпионаттың тәртібі сондай – ойын басталардан бес сағат бұрын жеребе тартылып, қарсыласы анықталады. 

Ринат ЖҰМАБАЕВ, ШАХМАТШЫ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Ондай деңгейге жеткен ойыншылар былай ашық осал тұсы болмайды. Кішкене осы жағында ойнау қабілеті мықтылау болса, басқа жағында сәл пәстеу болуы мүмкін. Бірақ жалпы көзге қатты көрінетін осал тұс деген оларда жоқ.

Қорғаныста жақсы ойнайды. Қорғаныста мүмкін әлемдегі ең мықты ойыншы. Себебі оны бекер айтпаған «Қорғаныс министрі» деген. Карлсенмен матч ойнаған кезде ұтылған жоқ мүлдем. Карлсен мықты ойыншы деп есептеледі ғой, соңғы 5-6 жылда әлемдегі ең мықты ойыншы. Шабуылда өте жақсы ойнайды. Бірақ ол ешқандай «кілт» таба алмады Карякинде. Содан кейін оның «қорғаныс министрі» деген атағы шығып кетті.

Көңіл күйі нашарлап қалған сияқты. Себебі ол келесі ойында тағы да ұтылып қалды. Әзербайжанмен ойнағаннан кейін, сол матчта тағы ұтылып қалды. Бірінші ұтылысы екен маған ұтылған. Жалпы командаға ойнаған кезде, Ресей құрама командасы үшін ойнағалы бері ұтылмапты. Одан кейін соңғы жарты жылда оның бірінші жеңілісі екен. Былтырғы жаздан бері ол ешкімге ұтылмаған екен.

Ринат тоқмейілсімейді. Отызға таяп қалған шағында орда бұзуға ынталы. Өзі жылына 10 шақты жарысқа қатысады екен. Сонда Алматыда, яғни үйінде тек 2-3 ай ғана болатын көрінеді. Қалған уақытта шет елдерде жүреді. Додадан додаға түседі.  

ЭНДШПИЛЬ немесе ЭПИЛОГ  

Тағы да сол Ринат Жұмабаевтың сөзіне сүйенеміз. Оның айтуынша, шахматшылар көбінесе қаңтар-ақпан айларында өздеріне көңіл бөліп, машықтарын жетілдіре алады. Өйткені жыл басталғанда спорттық іс-шаралар көп болмайтын көрінеді. Ал асылында олар әрдайым бабында жүруге тиіс.  

Дәрмен СӘДУАҚАСОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГРОССМЕЙСТЕР: 

Кәсіби шахматшылар әр апта сайын 1500 партия ойнайды. Жаңа партияларды зерттейді. Себебі шахмат деген – спорт қана емес, ғылым да. Яғни әр ойынның дебюті сарапталады, зерттеледі. Компьтерлік бағдарламалар мен дерекқорлардың көмегімен дайындалады.

Атақты шахматшы бұл ойынды спортқа ғана емес, ғылымға да жатқызып отырғаны бекер емес. Кей мемлекеттер шахматты мектепте оқытады екен. Айталық, Армения оқу бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізгелі 10 жылға жақындап қалыпты. Содан бері 3-ақ миллион тұрғыны бар елден қаншама гроссмейстер шықты.  

Дәрмен СӘДУАҚАСОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГРОССМЕЙСТЕР: 

Шахмат ой қорыту, логика, жады, шешім қабылдай білу секілді көптеген қасиеттерді жаттықтырып, дамытады. Баланың оқу үлгеріміне де әсері зор. Сондықтан қазір бүкіл әлем шахматты мектептерге кемінде факультатив ретінде енгізуге күш салып жатыр. Ал кейбір елдерде шахмат міндетті пән болып оқытылады. Мәселен, Ресейдің де қайсыбір аймақтарында осындай тәжірибе бар. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

«Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без». Осы мақалға ұйқастырып «он жүрісін ойламаған шахматшыдан без» десек болады.  

Гүлмира ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Әр партия өзінше ерекше болып табылады. Мысалы, сіз тактикалық зеректілікті бір позицияда 10 жүріске алдын ала ойлап алсаңыз, ал кейбір позицияларда тек екі жүріс қана санай аласыз. Себебі ол позицияның өзіне байланысты. Адамдар әр түрлі ғой, сол сияқты позициялар да түрлі болып келеді.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Өмір де шахмат тақтасы іспетті. Гроссмейстер бұған қарап 10 жүрісін алдын ала ойлайды. Дәл сол сияқты сіз де күнделікті тұрмыста кемінде он күндігіңізді ойлаңыз. Ертерек. Мына тақтадағы тастар сияқты бәрі өз орнында тұрғанында.

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»