Русский Сайттың толық нұсқасы

«Айгүл» ансамбліне 50 жыл!

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2019
  • 9689

Қазіргі ұрпақ біле бермейтін, бірақ «жадыңда тұрар жаңғырып» демекші, бір музыкалық ұжым бар. Ол қыздардан құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі. Халық әндері мен танымал қазақ композиторларының ел санасында жатталған әуендерін орындауда ерекшеленген топ 1969 жылғы 8-наурызда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан ашылған еді. Өнер ұжымына мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков: «Мынау өзі айдай жарқырап, гүлдей жайнайтын ұжым ғой, ендеше «Айгүл» деп атаңыздар» деп ақ батасын берген. Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың жетекшілігімен «Айгүл» ансамблі дүниенің төрт бұрышын шарлап, ел абыройын асқақтатты. Бұл – Айгүлдің «алтын дәуірі» болатын.   

Сақыпжамал ҰЗАҚБАЕВА, "АЙГҮЛ" ВОКАЛДЫ-АСПАПТАР АНСАМБЛІНІҢ БҰРЫНҒЫ ӘНШІСІ:

«Досмұқасан» ансамблі де 1968 жылы құрылды. Біз 1969 жылы. Осы Досмұқасанмен шетелдерге бірге шығып жүрдік. Польша, Францияға бірге бардық. Жақында бізді радиоға шақырып тікелей эфирде отырғанда, Қазақстанның бір жерінен бір кісі звондап былай деді: «Досмұқасан» мен «Айгүл» топтары құстың екі қанатындай егіз",- деді. Қандай әдемі теңеу. Шынында солай еді. Қазір жасымызды айтсақ, алдымыз 70-ке келді.

Ән айтып ғана қоймай, домбыра, қобыз, асатаяқ, шертер, ритм және соло-гитара сынды аспаптарды шебер меңгерген музыканттар өнерін ел жоғары бағалады. Қазақ қыздары КСРО аумағын да түгел аралап шыққан. Сол кездегі ең танымал «Алло, біз таланттарды іздейміз» бүкілодақтық байқауын бағындырған соң, Мәскеуде 1980 жылы өткен олимпиадада ән шырқауы оның даңқын одан әрі асқақтатты. Тағы бір ерекшелігі – әнші қыздар ауыл-ауылды аралап, тіпті шопандардың үйіне дейін барып ән салудан жалыққан жоқ. Әнсүйер қауым пластинкаларын жаппай сатып алып, дүниеге келген бұрымдыларға «Айгүл» есімін қою белең алды.

Алматыда Қыздар ұлттық педагогикалық университеті «Аңызға айналған Айгүл» атты шығармашылық кеш ұйымдастырғанда сахнаға алдымен «Айгүлдің» алғашқы құрамы шықты. Оқу орны өзінің 75 жылдық мерейтойына орай өнер ұжымының ертедегі мүшелерінің басын қосып, құрмет көрсетті. Қазақ өнерінің тарихындағы «құбылыс» деп бағаланған әншілердің әрқайсысы қазір ардақты ана, асыл әже. Ал университет «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің үнін әуелете бермек!  

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Қазақ қыздар педагогикалық университеті педагогикалық қызметпен қатар қазақ елінің өнері мен мәдениетіне де үлкен үлесін қосып келеді. Соның айғағы - осы "Айгүл" ансамблінің ұйымдастырылуы. Біз оның құрамын жоғалтпаймыз. Әр жылы кастинг жасалып, жаңадан қыздар құрамын жаңартып отырамыз.