Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің дамуына не кедергі?

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2017
  • 6457

Қазақстандықтардың гардеробында отандық фабрикалар өндірген киім- кешек тек 2 пайызды құрайды. Бұл туралы Бренд-инкубатор құрылтайшысы және табысты әйелдер киімдері маркасының қосалқы авторы Аяжан Жаксыбай мәлімдеді. Оның сөзінше, бір кездері Қазақ ССР-інде бюджеттің төрттен бір бөлігін жеңіл өнеркәсіптен түсетін табыс құраған. Ал қазір "made in Kazakhstan" маркасымен киім-кешекті көптеп шығару мүмкін болмай тұр.

Бұл - мектеп оқушыларының формасы мен түрлі мекеме жұмысшыларына бірыңғай киім тігетін Астанадағы тігін фабрикасы. Осы жылдың көктемінде бұл кәсіпорын дизайнерлік өнімдер шығаруды қолға алды. Жоба Бизнес-инкубаторда жасақталды. Алдымен топтама жоспарланып, тұсаукесері де біршама табысты өтті. Мұндағы өнімнің орташа бағасы 80 евроны құрайды. Алайда жұқа трикотаждан тігілген көйлектер мен кардигандарды жергілікті тұтынушылар әзірге сатып ала алмайды. Себебі фабрика басшылары "отандық өнімдер арасында бәсекеге қабілетті болу үшін алдымен шетелдік нарықты жаулауды" ойластырған. Ал тұрғындар әзірге түріктің, қытай мен қырғыздың тіккен киімдерін киюге мәжбүр. Жалпы "Қазақстанда шығарылған дизайнерлік киімдердің бағасы неге жоғары?" деген сұрақтың жауабы да дайын.

Әсел Жүргенова, тігін фабрикасының стратегиялық жоспарлау бойынша директоры:

Шикізатты түгелдей шетелден алдырамыз. Жіптің өзі Италиядағы зауыттан келсе, мата мен вискоза Қытайдан жеткізіледі. Мұның барлығын шетел валютасымен сатып алатынымыз түсінікті ғой.  Әлбетте, валюта нарығындағы жағдайға аса тәуелдіміз. 

Қазақстанда жүн мен тері де, мақта да бар. Тек оларды сапалы етіп өңдейтін технология тапшы. Мамандар да жоқтың қасы. Соңғысын жеңіл өнеркәсіп саласындағы ең бір түйткілді мәселе деуге болады. Қазақстандық өндірушілер Қытай мен Қырғызстанның жеңіл өнеркәсіп саласымен бәсекеге түсу аса қиын екенін айтады.

Саладағы қиындықтарды талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру үшін, киім өндірісінің өкілдері дөңгелек үстел басына жиналды.  Бренд-инкубатор құрылтайшысы әйелдер киімдері маркасының қосалқы авторы Аяжан Жаксыбай өз әріптестеріне тек алға қадам басу қажеттігін айтты. Сонда ғана нарыққа сапалы өнімдермен шығуға мүмкіндік ашылады дейді. Мамандардың есебінше, мектеп формасы мен  жұмысшылардың униформасын тігетін фабрикалар дизайнерлік өнімдер шығаруды қолға алса табыс деңгейі 3 есеге жуық артады. Ол үшін елімізде ең кем дегенде 50 фабрика салынуы керек.