Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент өкілеттігін тоқтатты

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2019
  • 4857

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтататынын жария етті. Бұл шешімін ол бір сағат бұрын республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде жеткізді.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ¬- оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді. Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды. Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік. Біздің үштұғырлы міндетіміз - нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет - Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық. Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық. Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға Тәуелсіз елімізді ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай білуге шақырды. Ол бұдан әрі елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметінде қала беретінін мәлімдеді. Ал Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өткенше елді уақытша басқарады.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін. Яғни, өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы - менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім - басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады. Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. 

М. Дюсекина