Русский Сайттың толық нұсқасы

Азғындық әрекет жасады деп айыпталған мұғалім 10 жыл жаза арқалады

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2017
  • 4159

Қызылорда маңындағы Белкөл кентінде математика пәнінің мұғалімі он жылға бас бостандығынан айырылды. Мектептегі даулы оқиға туралы бұған дейін хабарлаған едік. 6-шы сыныпта оқитын екі қыздың анасы "қыз балаларға азғындық жасамақ болды" деп мұғалімнің үстінен арызданған. Бірақ оқушылардың бірі тергеу барысында куәлік етуден бас тартады. Адвокаттың айтуынша, сот бұл жағдайды да, өзге оқушылардың куәлігін де назарға алмаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал тұрғындар ұстазға араша түсу үшін жоғары жаққа шағымданбақ.

Соңғы жарты жылда Белкөл ауылынан береке қашты. Математика пәнінің мұғалімі Әкпар Исахаев сәуір айында тұтқындалған. Оның тағдырына алаңдаған халық "сот әділ үкім шығарар" деп күткен еді. "Он жылға кесілді" дегенді естіген ауылдықтар тіпті есеңгіреп қалды.

Бақтыгүл Бегайдарова, ата-ана:

Ұстаздың алдынан кесіп өтпейтін едік. Мынау не деген сұмдық? Білімді мұғалімді біз шеттетіп жатырмыз қазір. Жоғарғы сот әділдікпен қарасын дейміз.

11 жастағы оқушы қыз "ұстаз сабақ үстінде денеме қол жүгіртті" деп шағымданған. Алайда сыныптағы өзге 24 бала мұғалімнің ерсі қылығын байқамаған. Қорғаушы мұны сотта дәлелдеуге тырысқанымен, нәтиже болмады. Мұғалімге "кәмелетке толмаған балаға азғындық әрекет жасады" деген баппен айып тағылды.

Жасұлан Таңатаров, адвокат:

Сот шешімі бір ғана жәбірленуші қыздың куәлігімен және сол қыз балаға жүргізілген сот-психологиялық, сот-криминалистикалық сараптамалар негізінде қабылданды. Оқушылар қыз баланың сөзің жоққа шығарған. Математика сабағына бірнеше рет қатысқан сынып жетекшісі де куәлік берген, бірақ бұлардың ешбірін сот назарға алмады.

Мұғалімдер "мұндай күн ертең кез келгеніміздің басымызға келе ме" деп қауіптенеді.  Ұстаздың мәртебесі мүлде төмендеп бара жатқанына қынжылған олар мамандықтарын ауыстыруға әзір.

Гүлнар Оразбаева, № 189 орта мектептің мұғалімі:

Кез келген бала мұғалімге жала жаба берсе, үйіне барып ата-анасына өзінің жалобасын айта берсе, сонда не болғаны? Мұғалім сонда кінәлі болып кете бергені ме? Әділдік керек ағай жөнінде.

Советбек Маханов, Белкөл кентінің тұрғыны:

Бұл қоғамның азғындалуы - деградация ма әлде бізге келешек жастар керек емес пе?  Бұл жаланың негізі ойластырылған ба әлде білмей істелген бе - оны мен де түсіне алмаймын. Бірақ енді солай кете бреуі керек пе? 55-тегі жігіт он жылдан кейін не болады деп ойлайсыздар? Мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін қоғам болып көтерілу керек.

Тұрғындардың пайымынша, айыптау үкімі негізсіз дәлелдемелерге құрылған. Әкпар Исахаевқа араша түсуді көздеген белкөлдіктер Жоғарғы сотқа және Бас прокуратураға  арыздануға бел буып отыр. 

Шарипа САҚТАПОВА