Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2019
  • 4189

Әз Наурыз басталды. Бүгін Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады. Жаңа мемлекет басшысының халық алдына бұл алғаш рет шығуы. Тілшіміз Абай Сейфулла еліміздегі маңызды өзгерістермен тұспа-тұс келген мейрамдағы елдің көңіл күйін біліп, пікірін тыңдап қайтты.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Наурыз тойында дәл осы жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездесіп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай қаумалаған жұрт. Бәрінің ықыласы ерекше. Көңіл-күй барлық халықта тамаша.

-Елбасын, Президентті көрдіңіз ғой?

-Иә көрдік. Өте қуаныштымыз көргенімізге. Өте керемет әсердеміз.

 -Ал сіз не ойлайсыз, сіз не қарап тұрсыз?

-Мен Елбасына қарап тұрмын. Өйткені ол өз орнын босатайын деп жатыр. Біз оны қимай жатырмыз. Біз оны қатты жақсы көреміз. Жақсы көңіл күйдеміз. Жаныыым...

Мереке қарсаңында шаңырақ көтерген жас отбасыларға Елбасы ақ батасын берді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сендерге бақыт тілеймін! Махаббаттарың еш уақытта сөнбесін. Алдарың ашық болсын. Бала-шағалы, үбірлі-шүбірлі болыңдар! Ата-аналарыңа қуаныш әкеліңдер. Елдің азаматы болыңдар! Әумин! 

Наурыз тойы мен ел есінде қалатын тарихи сәттерде отбасын құрған жастардың 9-ның тойына бұл ғажап сый болды.   

Орынбасар АМАНГЕЛДІ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы наурыз мейрамын ерекше атап өтейін деп жатырмыз. Ерекше атап өткендіктен шаңырақ көтергенімізге де ризамыз. Мерейтойға тұспа-тұс келгеніне.

Бүгін Елбасы ғана емес, Президенттің күзет қызметі де сән-салтанатын жарастырып, ұлттық киімде келді. Дегенмен көңіл-күйлері аса көтеріңкі емес, себебі расымен түске дейін күн райы салқын болды. Төтенше жағдай қызметкерлері үшін де бүгін демалыс емес, жұмыс.

-Извините, у нас работа.

-Мы не на празднике. Мы на работе

Этноауылға 17 киіз үй тігілген. Театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорттан шағын жарыстар өтіп жатыр. Эстрада жұлдыздары концерт қоюда. Этноауылда министрлер мен зиялы қауым өкілдерінен бөлек шетелдіктер, Қазақстандағы түрлі мемлекет елшілері де болды. Қазақ жұртын жаңа жылдағы жаңа өзгерістермен құттықтады.

Алекси де КРОМБРЮГХЕ, БЕЛЬГИЯ КОРОЛЬДІГІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Бұл - ғажайып мереке. Халықтың барлық салт-дәстүрін, ұлттық киімдерін тамашалап жүргеннің өзі әдемі. Бұл енді суық қыстан кейінгі жұрттың жадырауы ғой. Оның үстіне қалаларыңыздың аты да жаңарып жатыр. Мен де еліме енді Астанадан емес, Нұрсұлтаннан хабар беремін.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Мына менің жанымда отырған бүркіт Алматы облысынан. Сондағы Ақсеңір ауылынан болғандықтан есімі де Ақсеңір екен. Бірақ қазір ол Астана, Астана емес, Нұрсұлтан қаласының тұрғыны. Сондықтан осындағы халықпен суретке түсіп, мерекелік атмосфераға өз үлесін қосып жатыр. Ауа райы да қазір жылынып қалды. Халықтық серуен кешке дейін жалғасын табады.

А. Сейфулла