Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда атын ауыстыру жұмыстарына бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейді

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2019
  • 3747

Астана атауын ауыстыруға қосымша қаржы қаралмайды. Министр Әлихан Смаилов маңдайшалар мен құжаттарды қайта жазуға бұған дейін бөлінген жылдық бюджет ақшасынан жұмсаймыз деді. «Жылда қазынадан қаладағы атау белгілерін ауыстыруға 40 млн теңге беріледі. Осы қаржы биыл да барлық өзгерістерді іске асыруға жеткілікті»,-дейді премьер-министрдің орынбасары. Мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымына көшкені де шығынды қысқартқан. Еске салайық, 23 наурыз күні Астана атауы «Нұр-Сұлтан» деп өзгертіліп, тиісті заңға қол қойылды. 

Әлихан Смаилов, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Жергілікті атқарушы органдардың белгілерін және бланктерін өзгерту жергілікті бюджеттің шығындары есебінен болады. Мен кеше Астана қаласының әкімімен сөйлестім. Жалпы барлық белгілер мен барлық атауларды бір ретте өзгертуге жоспар жоқ. Олар кезең-кезеңімен, бірте-бірте жасалынатын болады.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жаңа атауға әлі-ақ үйреніп кетеміз дейді. Кезінде Ақмоланы Астанаға ауыстырған тұста да қоғам жаңалықты қабылдай алмаған. Ал 4 облыс орталығындағы бас көшелердің атын ауыстыру мәселесі қайта қаралып жатыр. Яғни, Назарбаев атауы бұған дейін белгіленген даңғылдарға емес, өзге көшелерге беріледі. 

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:  

Республикалық ономостикалық комиссия 4 қаладағы көше атауына қатысты ұсынысты қайтарып, Назарбаев атын басқа көшелерге беруді жөн көрді. Егер қандай да бір шешімге келсе, ол мәслихатқа түседі. Сосын жаңа ұсыныстарды қарастырады.

А. Сейфулла