Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада аз қамтылған отбасыларға газ құбырын әкімдік тартып береді

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2019
  • 3115

«Сарыарқа» газ желісінің мыңдаған шақырымы- Қытай мен Ресейде шығарылған құбырлардан салынады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде мәлім болды. Күре құбырдың құрылысында отандық өнім үлесі 10 пайыз ғана. Мұның себебін тапсырыс беруші компания басшысы «қазақстандық өндірушілер ештеңе ұсынған жоқ» деп түсіндірді.  

Сағидолла МАҚАШЕВ, «АСТАНАГАЗ ҚМГ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

Біз отандық компаниялармен кездесіп, қажетті құбыр көлемін айттық. Бірақ, олардың тарапынан ұсыныс түскен жоқ. Айталық, «Арселор» компаниясы бізге керек маркадағы құбырларды жасамайды. Сондықтан, біздің таңдау Қытай мен Ресей өндірушілеріне түсті.

«Құрылыс аяқталған соң газ тарифы 50-60 теңгеден қымбат болмайды»,-дейді Энергетика вице-министрі. Айтуынша, қазіргі тарифтердің шығыны көп. Ұлттық оператор жыл сайын, ішкі нарықта орта есеппен 50 млрд теңге жоғалтатын көрінеді.  

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Қазір ішкі нарық экспорттың есебінен субсидия алады. Баға жыл сайын бекітіліп отырады. Ал ортақ шешім шыққанша Үкіметте, «ҚазТрансГаз»-да және аймақ әкімдіктерімен қанша талқы өткіземіз. Бір нәрсені түсінуіміз керек, біз ішкі нарықты үнемі субсидиялай бере алмаймыз. Бұл мүмкін емес.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов жер үйлерді газ желісіне қосу үшін ынталандыру механизмдері қарастырылып жатқанын айтты. Баспанаға газ тартатындарға арзан несие берілуі мүмкін.. Ал аз қамтылған отбасыларға әкімдік өз қаражатына құбыр бұрып бермек. 

Д. Қайыртай