Русский Сайттың толық нұсқасы

Блокчейнді дамыту қауымдастығы қазақстандықтарға инвестиция құю үшін цифрлық алтын жобасын ұсынды

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2019
  • 3796

Ал блокчейнді дамыту қауымдастығы қазақстандықтарға инвестиция құю үшін цифрлық алтын жобасын ұсынды. Яғни, отандық аффинаж зауыттары қоймаларда сақтаулы тұрған кәдімгі алтындардың цифрлық активтерін, яғни, токендерін шығарады. Ол кәсіпорындарға қаржы қорын көбейту үшін қажет. Бір сөзбен айтқанда бұл шынайы өнімнің цифрлық сертификаты. Мұны біздің арна тілшілеріне қауымдастық жетекшісі Диас Қадыров айтып берді. Цифрлық алтын блокчейн платформасында саудаланады.  

Диас ҚАДЫРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЛОКЧЕЙН МЕН КРИПТОТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ ҰЛТТЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Блокчейн платформасының орталығы жоқ. Алайда, сертификаттардың орталық эмитенті бар. Онда қанша цифрлық алтын шығарылғаны жазылып тұрады. Ол деректер платформада жарияланған соң, оны ешкім өзгерте алмайды. Блокчейн технологиясы осындай мүмкіндік беріп отыр. Халық та, кәсіпкерлер де цифрлық токеннің қолдан жасалмайтынына сенімді бола алады.

Диас Қадыровтың сөзіне сенсек, цифрлық алтынның құны шынайы асыл металдың Ұлттық банк тағайындаған бағасына сәйкес болады. Бұл жоба елдің бас қаржы институтын да қызықтыруы керек дейді. Мәселен, олар алтын құймаларына балама ретінде осындай цифрлық активтерді шығарса болады. Оның үстіне, Ұлттық банкте жүздеген тонна алтын мен оны сақтауға арналған тиісті инфрақұрылым бар. Бұл ұсынысты Қауымдастық осы қаңтарда «Цифрлық инновацияларды реттеу туралы» заң жобасына енгізген.  

Диас ҚАДЫРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЛОКЧЕЙН МЕН КРИПТОТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ ҰЛТТЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мұның бәрін талқылау керек. Бар тарап өздеріне тиімді өзгерістерге келіскен соң, жоба Мәжіліске жөнелтіледі. Осы жылдың соңына дейін заң қабылданады деп ойлаймыз. Тек содан кейін цифрлық алтынды іске қосып-қоспайтынымызды айта аламыз. Мүмкін оған әлі ерте де шығар.

Д. Қайыртай