Русский Сайттың толық нұсқасы

22 жасар жігіт букмекерлік орталықтарда 15 миллион теңге ұтылған

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2019
  • 4890

Өрімдей жігіт айналдырған 3-4 жылда букмекерлік орталықтарда 15 миллион теңге ұтылған. Бүгін ол ойынқұмарлыққа қарсы заң жобасы талқыланған дөңгелек үстелде басынан өткен қиындықтарын айтып берді. Ал «Нұр Отан» партиясы өкілдері букмекерлердің жарнамасын азайту, оларға қарсы жазаны күшейту мәселелерін тағы пысықтады. Абай Сейфулла тарқатады. 

22 жастағы Владислав - бұрынғы ойынқұмар. 16 жастан бастап букмекерлік орталықтарды жағалап, покердің азартына батқан. Айтуынша, отбасы айқатты. Сондықтан құмар ойынға қомақты сомалар тігу қиындық туғызбапты. Тек ұтысынан ұтылысы көбейіп кеткенде, қарыз беруші достары да, туыстары да теріс айналған. Өзі оқудан шығып қалады. Тіпті, әке-шешесі бағалы заттарын баласынан тығып ұстайтын болған.  

Владислав ДАНИЛЮК, ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРБАНЫ: 

Бәрі картаға қызығушылықтан басталды. Одан букмекерге көштім. Басында жағдай дұрыс сияқты еді. Кейін өкінішті сәттер көбейді. Алғашқы ұтылған қомақты соммам - 2 млн теңге.Оны қайтарып алам деп тағы 2 млн жоғалттым. Ойынға белсенді түрде 18 жастан кірістім. Содан бері шамамен 15 млн теңге ұтылыппын.

Владислав 7 айдан бері оңалту орталығында емделіп жатыр. Психологтардың көмегімен өмірін өзгерткісі келеді. «Нұр Отан» партиясы осындай жастардың көңілін бұзбау үшін, сыртқы жарнамаларды барынша шектейміз дейді. Оған қоса, букмекер жанында ломбард болмауын қамтамасыз етпек. Себебі, ұтылған адам соңғы бағалы затын лезде өткізіп, қайта ұтыс тігеді. Ал интернеттегі жарнамалармен күресу қиын.  

Ерсайын ОСПАНОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 

Заң бойынша онлайн-казиноларға шектеу қойылған. Олардың біреуін жапсаң, артынан басқасын ашып алады. Сондықтан интернеттегі лицензиясы жоқ букмекер мекемелері қызметіне шектеу қою үшін де ұсыныс әзірледік. Мемлекеттік органдар ойынқұмарлықпен күреспен 2-3-ақ адам айналысады. Олар бәрін бақылап қайдан үлгерсін?

Букмекерлік кеңселер ассоциациясы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 64 %-ы ең қауіптісі ойын автоматтары деп есептейді. Одан кейін рулеткалар мен лотерея терминалдарына деген теріс көзқарас жоғары. Спорттық ойындарға ұтыс тігу қоғамға пайда әкеледі деп есептейтіндер де аз емес екен.  

А. Сейфулла