Русский Сайттың толық нұсқасы

«Луговой жылқы зауыты» шығынын есептеді

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2019
  • 5151

1 млрд 200 млн теңге. Атырауда 36 мың бекіресі қырылып қалған «Луговой жылқы зауыты» өз шығынын осылай бағалап отыр. Олар бағалы балықтың құны, биыл алатын уылдырықтың бағасы, бекірені су астынан шығарып, көзін жоюға кеткен қаражатты қосып есептеген.  

Әсемгүл АҚСАМБИЕВА, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А: 

Қазіргі шығын 1 млрд 200 млн 1 мың теңге. Біз Полиция департаментіне арыз жаздық. 1 сәуір күні олар бізді зардап шегуші тарап ретінде танығаны туралы қаулы берді. Енді тергеудің аяқталуын күтіп отырмыз. Қазір зауытқа 10 адамды ғана қалдырып, қалғанын қыстартып тастадық. Жұмыс болмағандықтан бәрін ұстап отыруға да мүмкіндік жоқ.

Зауыт басшысының айтуынша қызыл балық сақтандырылмаған. Өйткені Қазақстанда биологиялық активтерді сақтандыратын бір де бір компания жоқ деді. Ал шетелдік сақтандыру компанияларының құны қымбат. Әлі пайда көрмеген соң, зауыт басшылығы оған бармаған. Зауыт биыл алғаш рет 500 келі тауарлы уылдырық алуды жоспарлаған еді. 

Әсемгүл АҚСАМБИЕВА, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А: 

Шаруашылық бойынша, алдағы екі жылда ештеңе жоспарлап отырған жоқпыз. Өйткені өліп қалған балықтарды біз 7 жыл бойы өсірген едік. Әрі бұл шаруашылықтың құрылысы мен әрі қарай дамыту үшін «ҚазАгроФинанс» мекемесінен несие алдық. Қазір пайызы ғана төленіп жатыр, негізгі қарызды 2020 жылдың сәуірінен бастап төлейміз. Оған 1 млрд теңге шамасында қарызбыз. Сондықтан тергеуден, соттан үміт күтіп отырмыз.

Естеріңізге салайық, былтыр желтоқсанда Атырауда Жайық өзенінде балық қырғыны тіркелді. Іле-шала Луговой жылқы зауытының балық шаруашылығындағы тауарлы бекіренің де өлгені анықталды. Зауытта барлығы 36 мың дана, яғни, 101 тонна бекіре түгел қырылып қалды.  

Б. Нәдірқызы