Русский Сайттың толық нұсқасы

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 9 айдағы жұмысын қорытындылады

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2017
  • 2939

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының депозит базасы 30%-ға артты. Банк биыл ұзақмерзімді салымдар нарығында көш бастап тұр. Қаржы институтының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәліметіне сүйенсек, банктегі жалпы салым сомасы 477 млрд теңгеден асады. Барлығы 988 152 депозит бар. Баспаналы болуға бағыт-бағдар беріп, барынша мүмкіндік сыйлап отырған банктің өзге де жаңалықтары алдағы бейнематериалда.

Сенім мен табысты басты ұран еткен қаржы институтының салымшылары күн сайын көбеюде. Осы жылдың 9 айында 255 278 адам шот ашыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Яғни күн сайын 2000-нан астам депозит ашылады. Сондай-ақ, қаржы ұйымы елдегі барлық ипотекалық несиелердің 75 пайызына ие. Өткен 9 айда қазақстандықтар үйлі болу үшін екінші деңгейлі банктерден 223 млрд теңге несие алса, оның 168 млрд теңгесін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бөлген.

Ләззат Ибрагимова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

Несие қоржынының сапасы жөнінен біздің банк көш басында. Уақытылы төленбей, мерзімі 90 күннен асып кеткен заемдар 0,33 пайызға тең. Мұндай нәтижеге ұзақ жылдық бағдарлама арқасында жеттік. Өзге қаржы ұйымдары секілді бірден несие беру үрдісі бізде жоқ. Керісінше, белгіленген мерзім аралығында өз қаржыңызды сала отырып, салмақты сүрлеуге бағыт аласыз.

Банктегі салымдарға жыл сайын мемлекет тарапынан 20% сыйлықақы қосылады. Биыл оның ең жоғарғы сомасы 90760 теңгені құрайды. Яғни жылына 450 000 теңгеге дейін ақша жинай алатын адамдар үшін, банк ең үздік шарт - жылдық мөлшерлемесі 22%-ға жуық табыстылық ұсынып отыр.

Осы  жылы банк өтемақы рәсімдеудің екінші траншын мерзімінен бұрын төлеген. Сондай-ақ, «Бастау», «Өркен», «Кемел», «Болашақ» бағдарламалары біріктіріліп, «Баспана» тарифтік бағдарламасына ауыстырылды. Енді, осы арқылы салымшылар қанша уақыт ақша жинап, қандай пайызбен тұрғын үй заемын алатынын өздері шешеді. Ең қысқа мерзім 3 жыл. Сондай-ақ, қыркүйекте «Baspana.kz» онлайн порталы іске қосылған.

Жанар Жұбаниязова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

Салымшымызды депозит ашқаннан бастап, несие алғанға дейін қолынан жетектеп өтетін порталымыз. Және де әр салымшымыз үйлерді үлестіру, банкке қанша пайызбен төлей алатын соммасының бәрін сол порталда көре алады.

Бұл портал, әзірге, мемлекеттік бағдарлама аясында үлестірілетін пәтерлерге қатысты қызметтерді ұсынады. Келешекте нарықтағы үйлерді де порталға енгізу жоспарланып отыр. Бұл салымшыларға пайдалы әрі нақты ақпар беруге таптырмас мүмкіндік болмақ.

Олжас НҰРЖАҚЫП