Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл елде 20 инклюзия сыныбы ашылады

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2019
  • 3005

Биыл елде 20 инклюзия сыныбы ашылады. Бұл аутизмге шалдыққан балалардың мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік бермек. Ерекше күтімді қажет ететін оқушыларға білім берудің жеке бағдарламасы әзірленеді. Мұндай кабинеттер қазір елордадағы бірнеше білім мекемесінде ашылып үлгерген. Енді «Әрбір бала мектепке лайықты» жобасы арқылы да игі бастама ауқымын кеңейтеді. Оны «Nur Otan» партиясы мен «Болашақ» корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырып отыр.  

Динара ЗАКИЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Қиын жағдайдағы және ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуге және оларға жайлы инфрақұрылымды дамыту үшін «Бақытты отбасы» жол картасы әзірленді. Ол мектепте инклюзивті білім беруді дамытуға, ата-аналарға қолдау көрсетуге баса назар аударады.

Ерсайын ОСПАНОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз бастауыш сыныптарды біріктіре аламыз. Ал кейін, нақты тақырыптар бойынша жұмыс басталса сабақты біріктіріп өту қиынға соғады. Сондықтан ерекше балаларды қоғамға бейімдеу кезінде партияның, мемлекеттік органдардың атқаратын рөлі маңызды.

Аутизмді баланың 3 айлық кезінде-ақ анықтауға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі қазір 100 баланың біреуі осы дертпен туатынын айтады. Қазір елде 35 мың аутист бала бар. Олардан мыңға жуық шағым келіп түскен. Көбісі бала құқығының бұзылуына қатысты. 

Динара ШАЙЖҮНІСОВА, «БОЛАШАҚ» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігінің статистикасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл диагностиканы ертерек анықтамағанның әсерінен. Біздің бастамамыз «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы арқылы жүзеге асады.

А. Бектас