Русский Сайттың толық нұсқасы

Сәбиге ыстық сумен клизма жасаған медбикелердің сертификаты алынады

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2019
  • 3606

Шымкентте 10 айлық сәбиді күйдіріп, жұмыстан қуылған қос медбике сертификатсыз қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін аймаққа арнайы келген еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.  

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Барлық материал қолымызға түскеннен кейін, нәтижесі болғаннан кейін біз сот арқылы сертификатты аламыз. Сот өзі шешімін шығарады, сертификатты қанша мерзімге алынады, ол бір жыл болсын, үш жыл болсын.

Жұқпалы аурулар ауруханасының өзге қызметкерлері де жазаланды. Аға медбике қызметінен алынса, бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс берілді. Ал мекеме басшысына 45 айлық есептік көрсеткіш бойынша 113 мың теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек Жандарбек Бекшин бас дәрігердің лауазымына сәйкестігін қарастыру туралы Денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдікке ұсыныс береміз деді. Түс ауа жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаевқа, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та сөгіс жариялады. Еске салайық, 28-наурыз күні 10 айлық бөбекке қайнаған сумен клизма жасаған медбике тікішегі мен жамбасын күйдірген болатын. Сәби қазір Алматыдағы арнайы орталықта ем алып жатыр. Оның қазіргі жағдайы орташа тұрақты деп отыр.  

А. Төребекқызы