Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында қақталған өрік әзірленетін күн жақын

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2019
  • 5722

Түркістан облысында өрік қақтау ісі қолға алынбақ. Ордабасы ауданында орналасқан «Александр бағы» осы мақсатта келер көктемде 50 гектар жерге арнайы көшет отырғызбақ. Аталмыш серіктестікте қазір алма, шабдалы секілді жеміс ағаштары гүл ашып, түйін сала бастаған.

Түйіндеп тұрған өрік ағашы мамырдың соңына қарай жеміс бере бастайды. Александр бағында 1 гектар жерге осындай сары өрік егілген. Жас көшеттер биыл екінші жыл өнім бермек. Мамандар бұйыртса әр түбінен орта есеппен 50-60 келіден өнім аламыз деп отыр. Тіпті жемістің бұл түрін терең өңдеу жағы да жоспарларында тұр.

Әлімхан ШЫНЖІГІТОВ, АГРОНОМ:

Келесі жылға 50 гектар сары өрік көшетін отырғызамыз. Содан кейінгі алдыңғы жоспарда мұздатқыш тоңазытқыштар, кептіргіш шетелдік жаңа технологияларды орнатып құрғақ, кептірілген жеміс шығарамыз деп отырмыз. Біздің оңтүстік өңірінде бізге сары өрікті ауа-райы қолайлы болғандықтан осы жерде мейлінше үлкейтуге, кеңейтуге болады тырысып жатырмыз.

Ордабасы ауданындағы «Александр бағы» қазір негізінен алма өсірумен айналысады. Элиталы көшеттерді 2014 жылы түрік елінен алдыртыпты. Жиырма гектар алқапта алманың бес сорты өсіп тұр. Былтыр 300 тонна өнім алып, ел нарығына сатқан. Ал биыл одан екі есе көп алма тереміз деп болжап отыр. Тіпті экспортқа шығармақшы. Сондықтан тағы 20 гектарға алма мен шабдалының бірнеше түрін отырғызыпты.

Бақтияр ТАҒАЕВ, «АЛЕКСАНДР БАҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Сондай-ақ, біз Қазақ- түрік индустриалды аймағында жеміс-көкөніс сақтау қоймасын бастағалы отырмыз осы жылы. Ол жерде алмаларды және сүйекті жемістерді сақтайтын қоймалар болады. Сондай-ақ өнімді қайта терең өңдеуді де қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Яғни, өзімізде алмадан джем, повидло варанье секілді басқа да тәтті концентраттарды жасасақ деген жоспарымызда бар.

Қарқынды бау тамшылатып суарылады. Көшеттердің де сорты бөлек. Сондықтан, өзіндік ерекше күтімді, қол күшін көптеп қажет етеді екен. Серіктестік басшысы бір қиындық кадр тапшылығы, деді. Ауылда агроном қат. Барының өзі тәжірибесі аздығын айтады.

Бақтияр ТАҒАЕВ, «АЛЕКСАНДР БАҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Мынау алмаға қажетті минералдарды, тыңайтқыштарды, әртүрлі зиянкестермен күресетін дәрілер дейміз ғой препараттарды көбісі білмейді. Ол жағынан бізде бүгінгі таңда мамандар жоқтың қасы. Сондықтан біз бүгінгі таңда шетелдік мамандармен бірге қоян- қолтық жұмыс істеп бізді ары қарай ол кісілер кеңес беру арқылы бүгінгі таңға дейін сол кісілермен жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.

Айта кетейік, «Александр бағы» әзірге он бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Егер, өнім терең өңделер болса жергілікті халыққа көптеген жұмыс орны ашылатынын сенімді. Серіктестіктің тағы бір жоспары гүл шаруашылығын дамыту. Алдағы жылы тұқымбақта раушан мен қызғалдақ өсіруді жоспарлауда.

А. Төребекқызы