Русский Сайттың толық нұсқасы

Белі бүгілген көше тазалаушы әйелдер. Шімірікпей қоқыс, қалдық лақтыру

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2019
  • 8229

Қардың астанда көрінбей қалады деп қоқысты, қалдық затты лақтыра салатындар бар. Қара жерге, көшеге тастап жүре беретіндер олардан көп. Көлігінің есігін ашып қақырып-түкіріп жататындар аз емес. Бір сөзбен «мәдениеттен жұрдай» деп сипаттай салуға бола ма? Меніңше, жоқ. Санасыздықтың шегі. Көшедегі қоқысты жасы алпысқа келіп қалған, тауқыметтен көз ашпаған әйелдер белі одан әрі бүгіліп теретінін біледі ғой. Данияр Қайыртайдың өлең формасында болмаса да сюжет-элегиясы.     

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Биыл бас қалада бәрі кенет өзгеріп, жылдам өтіп жатыр. Әдетте сіресіп жатып алатын қар да тез еріп кетті. Көктем келді! Кешіксе кешіккен де шығар, бірақ әйтеуір келді. Бәлкім толық келмеген шығар әлі, сонда да жаңарып, жаңғырудың басы осы. Мезгілді айтып отырмыз ғой. Қыстан кейін қала көшелерінде қоқыс көбейеді. Тазалаушылардың жұмысы ауырлайды. Реті келіп тұрғанда қоқыс жинаушы апайдың өзімен сұхбаттасайықшы...

-Сәлеметсіз бе, апай? Жұмыс ауыр ма?  

Жұмагүл МҰСАҒҰЛОВА, КӨШЕ ТАЗАЛАУШЫ: 

-Сәлемет пе! Жақсы, құдайға шүкір.

-Күнделікті нешеден нешеге дейін жұмыс істейсіздер?

-Біз таңғы алтыдан түскі төртке дейін істейміз.

-Апай, айтыңызшы осы, қоқыс қай жерлерде көп кездеседі?

-Қоқыстар мынау, дүкендер мен аялдамаларда көп болады.

-Ал жинап жүрген уақытта біздің халыққа ашуланасыз ба?

-Жоқ, ашуланбаймын.

-Енді көрінген жерге тастап кетеді біздің адамдар. Өзіңіз айтып отырсыз, дүкендер мен аялдамалардың маңайында темекенің тұқылы, түрлі фантиктер көп кездесетін шығар?

- Иә, көп кездеседі. Бірақ енді жасөспірімдер тастауы мүмкін. Бұл біздің жұмысымыз. Ешқандай ренжудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

-Қазір сіздер жинап жатқан қоқыстың бәрі қыстан кейін, қар еріген соң шықты ғой енді. Сонда адамдар көзбояшылық жасайтын сияқты ғой, қыста қарға лақтыра салады, ол кейін көрінбей қалады деп ойлайды ма екен?

-Ондай да болуы мүмкін. Ерігеннен кейін бәрі шығады ғой енді. Қоқыстың бәрі қар ерігеннен кейін шығады. Көп кісілер рас енді, тастайды, қардың үстіне тастайды. Қар жауғаннан кейін көрінбей қалады.

-Сіздің балаларыңыз бар ғой?

-Немерелерім бар, құдайға шүкір.

-Олар қоқыс лақтыра ма?

-Жоқ, қоқыс лақтырмайды. Біз өйткені өзіміз осындай жұмыста істегеннен кейін, оларға айтып отырамыз, қоқыс тастамаңдар, тастайтын жер болмаса, қалталарыңа салып жүріңдер деп не қылам, менің немерелерім тастамайды қоқысты.

-Біздің халыққа қандай тілегіңіз бар?

-Енді өзіміз жасап жатқан жерімізді, жүретін жолымызды таза ұстасақ... Осы жұмыс істеген кісілердің бейнетін бағаласа деп ойлаймын.

-Рахмет, апай. Іске сәт!

Елдің түкпір-түкпіріндегі жағдай осындай: халық қоқсытады – жасамыс әйелдер жинайды. Оралдық Күләш апай тұрғындар бізге сеніп алған секілді дейді. «Қоқыс жәшігін көре тұра, көшені ыбырсытатындар көп. Ал жәшікті көрсе, дәлдеп лақтырмайтындар қаншама», - деп налиды 50 жастағы көше тазалаушы. 

Күләш ТӨЛЕУОВА, КӨШЕ СЫПЫРУШЫ:

Ішіміздегіні сыртқа шығарып тастағанды жақсы көреміз: Кішкене өзіңнің қалаңа тазалық сақтамайсың ба, кішкене болса да, біздің еңбегімізді түсінбейсің бе, урна тұр әне, темекі салам десең. Соған салуға болады ғой. Автобустың проездной билеттерін лақтырып тастап кетіп бара жатады. Оны да талай айтып жүрміз.  

Көктем шыққалы бері Оралда апта сайын сенбілік ұйымдастырылады екен. Сол кезде жұмысымыз біраз жеңілдеп қалады дейді көше сыпырушы апай.

Күләш ТӨЛЕУОВА, КӨШЕ СЫПЫРУШЫ:

Қазір қардан кейін жұмыс ауырлап жатыр, демалыс көп жоқ. Март айында өз басым шыны керек 29 күн жұмыс жасадым. Екі күн демалдым, оның бірі 8-март. Өзіміздің празднигімізде демалдым шыны керек. Соңғы бір күнге шығайын деп едім, бригадир: «Демал»,- деді.

Бұл кісі де астаналық Жұмагүл апай секілді бала-немерелерін тазалыққа әбден үйреткен. Басқалар да солай тәрбиелесе ғой... Бірақ, үлкендер алдымен өзін-өзі тәрбиелеп алсыншы...

Күләш ТӨЛЕУОВА, КӨШЕ СЫПЫРУШЫ:

Осындай жұмыста жүргесін, балаларым көшеде мусор лақтырмайды. Өзім қасында жүргенде де байқаймын. Жүгіріп барып, урнаға салады. Немерелерімнің өзі де: «Әже, урна анау ма?», - деп барып, өздері жүгіріп салады көшеге шыққанда. Енді балаларды солай үйретуге болады ғой.

Ал үйретпейді екен – айыппұл салайық ендеше. Заңды күшейтейік. Сонда тәртіпке келетін шығармыз!? Сингапур сөйткен. Динара Болат есімді жиһангез әңгімелеп берді.

Динара БОЛАТ, САЯХАТШЫ-БЛОГЕР:

Көшеде сағыз шайнап жүруге болмайды. Сингапурлық доллар бар, ол доллар шамамен АҚШ долларымен тепе-тең. Сағыз шайнаған адамға бір 100 мың сингапурлық доллар айыппұл салады. Өте көп, өте қымбат. Былай қарағанда ол ақшаға үй алуға болады біздің елден. -Оны біреулер бақылап жүре ме? -Бақылайды. Көшелерде камералар бар. Көшеде түкіруге болмайды. Манағы 3 мың сингапурлық доллар айыппұлы бар. Сонымен қатар өздерінің иісі шығатын, өздерінің емес Азияда бар жеміс бар Дуриан деп аталатын. Оның исі мүңкіп кетеді. Жерге лақтырсаң сасып, быршып, шіріп кетеді. Сол жеміспен қоғамдық көлікке, қоғамдық орындарға кіруге болмайды. Оның да айыппұлы өте көп.

Өркениет – заң үстемдік құрған елде орнайтынына тағы көз жеткізгендейміз. Ал заңды жұмыс істететін – тиісті органдар. Олар пара дегенді білмеуі керек. Ол үшін сана өзгермек қажет. Қысқасы, бәрі бірімен-бірі байланысты. Сана мен түйсікке келгенде өзімізге діні мен ділі жақын өзбектердегі көше тазалығына қызықтық. Айыппұлсыз-ақ қалаларын тап-тұйнақтай ұстайды. Оларда да көше сыпыратын негізінен, әйелдер.

Динара БОЛАТ, САЯХАТШЫ-БЛОГЕР:

Біріншіден, саналы түрде әркім тазалықты өзінен бастайды. Кішкентай жер телімінен бастайды. Жалпы, жұмысында болсын, қай жерде болсын өзі сыпырып, таза ұстайды. Екіншіден, әйелге деген құрметтен басталады дейді. Яғни оны сыпыратын, ол жерді таза ұстайтын біздің анамыз, қарындасымыз, әйеліміз болуы мүмкін, олардың еңбегі еш кетпеуі керек, біз олардың еңбектерін бағалауымыз керек деген ер адамдарда түсінік бар.

Ал біздің ер адамдарда неге ондай түсінік жоқ? Пәтерінің табалдырығының ар жағы бүлініп, былығып жатса да селқос. Оған өзі де «үлесін» қосып қояды, шалқайып. Жұмагүл, Күләш апайлардың белі бүгіледі, еңкейіп...

Данияр Қайыртай, Еркін Қарин, Батыржан Беспаев «Біздің уақыт»