Русский Сайттың толық нұсқасы

Баланы күйдірген медбике елді күйдірді

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2019
  • 5935

Шымкентте медбикенің 10 айлық бөбектің тікішегіне ыстық су құйып жібергені жайлы оқиғаға тоқтамай кете алмаймын. Әдейілеп емес-ау...Бірақ клизмадан соң нәрестенің құйрығы күлдіреп күйіп қалған. Ішінде не болғанын ойлау қорқынышты.   

Бөбектің әкесі Ерболат Сәменнің сөзі жоқ. Айтуынша, 10 айлық ұлы жұқпалы аурулар ауруханасына 25-наурызда жедел респираторлы вирус диагнозымен түскен екен. Үш күнде тәуір боп қалған. Тек ертең шығарамыз деп отырғанда мынадай болыпты. Клизма жасауды анасы сұрағанын айта кетейік, ұлының іші қатып қалғанын айтып.  

Ерболат СӘМЕН, СӘБИДІҢ ӘКЕСІ:  

Әйелімнің аяғына ыстық су тамып кеткен кезде білген, бала үлкен дәретке отырған, сол баланың ішінен шыққан су. Сразу қан шыққан ғой араласып, терілері араласып шыққан да ішінен. Сол, қазір баланың денсаулығын қойып берсін. Басқа айтарым жоқ.   

Ерболат Сәменнің отбасы былтыр құлдыраңдап жүгіріп жүрген бір ұлынан қапыда айрылып қалған екен... Бәле қуу емес, тек баламның денсаулығын қалпына келтіріп берсін, деді полицияға арыз түсірген әке. Қателік неге кетті? Кімнен кетті?  

Аурухана басшылығы қос медбикенің судың температурасын өлшемегенін бірден мойындады. Әдетте ішекті шаятын су әрі кетсе 25-30 градус жылы болуы тиіс екен. Ал бөбектің ішіне жіберілген су 50-60 градус ыстық болыпты. Клизма жасаған медбике колледжді 2016 жылы аяқтаған жас маман. Он жылдық тәжірибесі бар медбике сол маманға тапсыра салыпты.

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Айту керек, екеуінде де сертификаттары бар, осы медицина саласында жасайтын. Бірақ медбикемен осы медицина көмегінің алгоритмі бұзушылығы болды. Ең біріншіден, осы клизмаға құйылып жатқан судың температурасын қарамаған. Екі маман диагноз қойды - жамбас және тікішектің қайнаған сумен 1-2-ші дәрежелер термиялық күю диагнозы болды. 5 см ішек осы ыстық сумен зардалған.    

Дәрігерлер баланың жағдайы орташа бірқалыпты деп, тәуір болып келе жатқанын айтады. Алматыда ем қабылдап жатқан бала он-он бес күнде сауығып шығатынына сенімді. Бірақ мұнымен жауырды жаба тоқуға болмас. 

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Ең біріншіден екі медбике жұмыстан босатылды. Осы бөлімнің бас медбикесі лауазымынан алынды және де осы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасарына сөгіс берілді. Бас дәрігеріне штраф салынды, оның көлемі 113 мың теңге.  

Айта кетейік, кеше кешкісін бас дәрігерге қала әкімі сөгіс жариялапты. Жандарбек Бекшин бөбекті күйдірген екеудің сертификаты сот арқылы алынуы мүмкін екенін айтты. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Бірақ бұл еліміздегі түрлі жекеменшік оқу орындарында табақтай диплом алып шығып жатқан өзге мамандарға сабақ болар ма екен?.. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аймақтардағы көп медбикелердің біліксіз екенін жоққа шығармайды. Айтуынша, елде 60 медициналық колледж бар, оның тең жартысы жекеменшік. Сол оқу орындарынан амалын тауып диплом алған сауатсыз мамандардың жұмыс істеуіне тосқауыл қою мүмкін бе?...