Русский Сайттың толық нұсқасы

«Көкжайлау» курортының құрылысы кейінге шегеріледі

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2019
  • 3871

Алматы маңында көптен бері дауға айналған «Көкжайлау» курортының құрылысы кейінге шегерілетін болды. Оның жобасын қайтадан қарау керек, сондықтан белгісіз мерзімге шегереміз, деді қала әкімі Бауыржан Бәйбек. Шаһар басшысы бүгін қалалық қоғамдық кеңестің отырысына қатысты. Кеңес мүшелерінің алдында әкім жобаны тыңғылықты қарап шығу керек екенін айтты. 

Бауыржан БАЙБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Меніңше, асығудың қажеті жоқ. Яғни, барлық сарапшылардың пікірлері ескерілсін дегім келеді. Сондықтан тағы да бұл жобаны тыңғылықты қарастырайық, қазірші оның құрылысын бастауды шегеруді ұсынамын. Оның үстіне қазір қолда бар курорттардың өзін дамытып, олардың инфрақұрылымын жаңартуға 3-5 жыл мерзім қажет болып тұр.

Түстен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты өз пікірін білдірді. Мемлекет басшысы Твиттердегі парақшасында «Бауыржан Байбектің Көкжайлау құрылысына қатысты ұсынысын қолдаймын. Ол бұл мәселені менің кеңес беруім арқылы халыққа жеткізді», деп жазды. Айта кетейік, «Көжайлау» тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты қоғамдық ұйымдар тарапынан қарсылықтар болған еді. Бірнеше рет қоғамдық тыңдау өткізіліп, экологтар жобаны салуға келіспеген болатын. Белсенділер таудың табиғи қыртысын бұзу мен ондағы жасыл желекті отау экологиялық тұрғыдан қауіпті екенін ескерткен-ді. Алдын ала таныстырылған жоба бойынша Іле Алатуы ұлттық табиғи паркінің аумағынан 50 шақырымға созылатын шаңғы трассасы салынуы тиіс. Оның айналасынан бірнеше қонақ үй, мейрамханалар мен өзге де инфрақұрылымдық нысандар бой көтеруі керек болған. Жоба құны - 16млрд. теңгеге бағаланған.

Р. Асқарбекұлы