Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендіктердің 40%-ы қоқысты шығару ақысын төлемейді

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2019
  • 3075

Өскемендіктердің 40%-дан астамы қоқыс шығару ақысын төлемейді. Үй кітапшалары қолданыстан шығарылғасын, пәтерде қанша адам тіркелгенін анықтау мүмкін болмай отыр. Коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, бір үйде 5 адам тіркелсе де, олардың біреуі ғана қызметақысын төлейді. Бұл - Өскеменнің 343 мыңнан астам тұрғынының жартысына жуығы ғана. Мұның кесірі коммуналдық мекемеге тиеді. Шығынға батқан кәсіпорын техникасын жаңғырту түгілі, қосымша жұмысшы жалдай алмай отырғанын жеткізді. Қазір мекеме кеңес үкіметінен қалған ескі көліктерді пайдалануға мәжбүр.  

Жұпар ҚОЖАХМЕТОВА, «ӨСКЕМЕН СПЕЦКОММУНТРАНС» МЕКЕМЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Өскемен халқының көбісі бір адамның мекенжай анықтамасын ғана әкеледі. Осылайша бір адамға төлейді. Бұл мәселені шешу үшін халыққа қызмет көрсету орталығын, әділет басқармасынан көмек сұрадық. Бірақ, олар бұл ақпараттың құпия екендігін айтып, бірден бас тартты.

«Өскемен-Тазалық» серіктестігі де тұрғындардың жеке мәліметтерін жинауға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Тұрғындар үйіне де кіргізу түгілі, есік те ашпайды. Пәтер иелері кооперативінде де үй иелерінің нақты саны туралы ақпарат жоқ. Қазір қалалықтардың қарызы 100 миллион теңгеге жеткен. Демек, Өскеменнің қоқысқа белшеден батар күні де алыс емес. 

Тамара РАХЫМЖАНОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бүгінде осы мәселені шешу үшін әділет басқармасына хат жолдадық. Бұрын үй кітапшаларымен жұмыстың жеңіл болатын, қанша тұрғын тіркелгенін анықтау оңай еді. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Сондықтан хатта осы мәселенің шешілуі маңызды екендігін көрсеттік.

Е. Карин