Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде әйелдер паналайтын әлеуметтік орталықты кеңейту керек - Басшылық

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2019
  • 3751

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдайтын орталықта орын жетпей жатыр. Басшылық орын санын ұлғайтуды сұрайды. Кейде 20 орындық орталықта, 30 адамға дейін тұрады. Бақыт Рахметова тағдыр тауқыметін тартқан әйелдермен тілдесіп қайтты.  

Гүлнәр Аманғосова 28 жаста. Үш баласымен уақытша осы жерді паналауға мәжбүр. Өйткені балаларының әкесі төрт жыл бұрын Сирияға соғысуға кетіп, қаза тапқан. Ал, екінші некесі сәтсіз болып, жұдырықтан көз ашпайтын болдым дейді. Тіпті, үнемі таяқ жеген келіншектің бір көзі зақымданған. Ал, үш және төрт жастағы сәбилердің денсаулығы сыр бере бастаған.  

Гүлнәр АМАНҒОСОВА, ТҰРҒЫН: 

Сол кісі деген бізді аяусыз ұратын болды. Балаларымды әсіресе үлкен ұлымды бірінші жолдасымнан қалған. Осыдан 2014 жылғы ұлым қатты ұрғаннан балам жүре алмай қалды. Еңбектеп кетті. Ана кісі ұрғаннан. Балдарымды таңертең күніне төрт мезгіл жүгіртіп қояды елу минут. Физ зарядка жасатады. Аяғым ауыр күйде далаға қуып шыққан күндер болды. Гаражда да тұрдық.  

Бұл орталықта күйеуінен, енесінен қысым көрген, үйден қуылғанан жиырма әйел тұрып жатыр. Оларға психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Мамандар Гүлнәрдің өзіне де балаларға да дәрегер көмегі қажет екенін айтады. 

Гүлфат РАХМЕТАЛИНА, ОРТАЛЫҚТЫҢ ПСИХОЛОГЫ: 

Негізі ол әйел күйеуінен қорқатын сияқты. Өз балдары үшін қорқады. Өте күрделі деп айтуға болады. Балдарына енді психологиялық көмек көрсету керек. Қазіргі таңда ол кісімен жұмыс жасап жатырмыз.

Дағдарыс орталығы былтыр ғана ашылған. Содан бері 64 ана осы жерге көмекке жүгініпті. Жас аналар мұнда үш айдан алты айға дейін тұра алады. Сондай-ақ, оларға қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы түрлі курстарды оқып, мамандық алуға жәрдемдеседі. Балаларды балабақшаға орналастырып, аналарыны жұмыс табуға тырысады. Көбінде келіншектердің барар жері болмаған соң, бір жылға дейін қалып қояды. Сондықтан, дағдарыс орталығы үшін жиырма орын аз дейді олар.  

Жалын МОЛДАҒАЛИЕВ, АУЫР ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙДАҒЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҚАЙТА ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУГЕ АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: 

Қысты күні адам сыйғыза алмай қиналып қаламыз. Орталық жиырма адамға шақталған қиналып келген адамды қабылдау керекпіз. Өйткені барлығының басқа баратын жері болмайды. Тағы қосымша он жиналмалы керует қойып, сыйғызған күндеріміз болды.  

Негізі, Ақтөбеде осындай ауыр жағдайда қалған аналар паналайтын отыз адамға арналған үкіметтік емес ұйымға қарасты орталық та бар. Бірақ, өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайдың ұшыққаны сонша ол жерде де қазір адам қабылдайтын орын жоқ.  

Б. Рахметова