Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл өңірінде газ саласының еңбеккерлері арасында «Үздік маман» анықталды

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2019
  • 2729

Жамбыл өңірінде газ саласы қызметкерлері арасындағы үздік маман анықталды. Шеберлік сайысына 3 өңірдегі майталман қызметкерлер қатысты. Дәстүрге айналған кәсіби байқаудың мақсаты - мықтыларды анықтап, олардың шеберлігін шыңдау. Екі күнге жалғасқан ерекше жарысты әріптесім Данияр Әлімқұл да тамашалап қайтты.  

Кәсіби конкурс биыл екінші рет Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» жер асты газ сақтау қоймасында өтті. «Интергаз Орталық Азия» АҚ бастамашы болған бұл байқау 16 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Жарысқа «Тараз», «Шымкент» және «Ақтөбе» магистральды газ құбырлары басқармаларының командалары қатысты. Олар көгілдір отынды жер астында сақтау бойынша 200-ге тарта қызмет түрін теориялық және тәжірибе жүзінде көрсетті.   

Сәкен ИСМАЙЛОВ, «ИНТЕРГАЗОРТАЛЫҚ АЗИЯ» АҚ «ТАРАЗ» МГҚБ ДИРЕКТОРЫ: 

Жылдан жылға жүлде қоры да өсіп келе жатыр. Жылдан жылға біздің мамандарымыздың көрсетіп жатқан тәжірибелері де артып келе жатыр. Бір жылға айлық көлемінде үстемақы алып отырады, өзінің айлығынан қосымша. Бірінші орын алғандарға 1 айлық көлемінде, екінші орын алғандарға жартылай, үшінші орын алғандарға 30-20 % үстінен қосылып отырады.  

Байқау тест түрінде басталып, дала жұмыстарына жалғасты. Газ қорын жер астына жөнелтудің түрлі тәсілдері көрсетілді. Мәселен, жер асты газ сақтау қоймаларындағы тереңдік 400-ден 1200 метрге дейін барады. Сондықтан оны басқару да оңайға соқпады. Дегенмен, 12 маман 4 аталым бойынша марапатталды. «Бұрғылаушы көмекшісі» номинациясы бойынша бірінші орын алған Мәлік Молдатаев, бұрын да үздіктер қатарынан көрінген еді.  

Мәлік МОЛДАТАЕВ, «БҰРҒЫЛАУШЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: 

2016 жылы Шымкент қаласында өткен осы «Үздік маманда» бірінші орын жүлдесін алғам. Құдай қалап міне, екінші рет тағы да бірінші орын алып отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Осылай үздік маман жарысын өткізіп жатқан «ИнтергазОрталық Азия» және «ҚазТрансГаз» қоғамына алғысымыз шексіз.  

Енді, жарыс жеңімпаздары жазға салым «ҚазТрансГаз» компаниясы өткізетін республикалық жарысқа жіберілмек. «Көгілдір отын тұтынып отырған 8 млн қазақстандықтың үйіне жылу сыйлап отырған газ мамандары теорияда да, тәжірбиеде де жоғары болуға тиіс», - дейді қазтрансгаздықтар. 

Д. Әлімқұл